
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңір тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында денсаулық сақтау саласының даму бағыттары, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау және кадр тапшылығын азайту мәселелері сөз болды.
Тұрғындар медициналық қызметтердің қолжетімділігі, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін медициналық көмек, дәрігерлер қабылдауына жазылу және басқа да маңызды тақырыптар бойынша сауалдарын қойды. Вице-министр көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Кездесуден кейін Тимур Сұлтанғазиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен сұхбаттасып, өңірдегі денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, оның ішінде медициналық кадрлар тапшылығын шешу бағытындағы шаралар жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ облыс тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.