
Облыстық қан орталығында Дүниежүзілік донор күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл мереке – өзгенің өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген, мейірімі мен жанашырлығын нақты іспен дәлелдеген жандарға көрсетілетін ерекше құрмет.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңға жуық тұрақты донор бар. Олардың әрқайсысы адам өмірін құтқаруға өлшеусіз үлес қосып келеді. Донорлық – тек игі іс қана емес, ол жоғары жауапкершіліктің, адамгершілік пен азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісі.
Мерекелік шара барысында донорларды, донорлық қозғалыс ардагерлерін және қан қызметінің мамандарын Солтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұриля Қасенова құттықтады. Ол өтеусіз донорлықты дамыту ісінің маңыздылығын атап өтіп, қан тапсыру арқылы адам өмірін сақтауға атсалысып жүрген барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Іс-шара аясында белсенді донорлар мен донорлық қозғалысты дамытуға қолдау көрсетіп жүрген ұйымдардың өкілдері марапатталды. Сонымен қатар, қонақтарға облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Әрбір тапсырылған қан – біреуге үміт, біреуге өмір сыйлайтын баға жетпес көмек. Барша донорларға шынайы алғысымызды білдіре отырып, зор денсаулық, амандық және игі істерінің жалғасын тілейміз!