
Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі медициналық кадр тапшылығын шешу жолдарын жүйелі түрде қарастыруда. Осы бағытта Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде шағын жұмыс жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Амрин мен Қостанай облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Е.Баязитов қатысты.
Сондай-ақ облыстық деңгейдегі медициналық ұйымдардың және Петропавл қаласындағы емханалардың директорлары, сонымен қатар Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының, Айыртау мен Аққайың аудандық ауруханаларының директорлары да болашақ мамандар үшін ұйымдастырылған жиынға қатысты.
Кездесу барысында студенттерге өңірде көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, жас мамандарға арналған мүмкіндіктер мен жұмыс шарттары таныстырылды. Болашақ дәрігерлер көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Сонымен қатар, солтүстік өңір делегаттарын Асфендияров университеті ректорының орынбасары жеке қабылдады. Кездесуде медицина саласындағы кадр тапшылығын жою, түлектерді жұмыспен қамту мәселесі көтеріліп, алдағы уақытта да екіжақты бірлесе жұмыс істеу келісілді.
Мұндай кездесулер – жастарды қолдаудың, ал өңір үшін білікті мамандар тартудың тиімді жолы.