Үй жануарларын есепке алу

Үй жануарларын есепке алу

2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есепке алынуға тиіс үй жануарлары тізбесіне енгізілген, жеке және заңды тұлғаларға меншік құқығымен және өзге де заттық құқықтармен тиесілі, оның ішінде жануарларға арналған панажайлардағы, жануарларды уақытша ұстау пункттеріндегі, жануарларға арналған оңалту орталықтарындағы, зоологиялық питомниктердегі үй жануарлары міндетті есепке алынуға, жануар иесі ауысқан жағдайда үй жануарларын есепке алу қағидаларында көзделген дерекқорда міндетті қайта есепке алынуға жатады.

Үй жануарларын есепке алуды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Жануарлар иелерінің дербес деректері қамтылатын ақпаратпен жұмыс істеу Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу бұйымдарын (құралдарын) пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі.

Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Үй жануарын есепке алу кезінде оған үй жануарларын есепке алу қағидаларында айқындалған тәртіппен үй жануарының жеке нөмірі беріледі.

Есепке алынған үй жануарларының иелері үй жануарлары өлген кезден бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға не ветеринария саласындағы емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға хабарлауға міндетті.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу» туралы 407-2-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу нормаларын бұзғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылады.