Асыранды иттерді ұстау және серуендету қағидалары

Асыранды иттерді ұстау және серуендету қағидалары

Көп жағдайда үй жануарларын серуендету кезінде олардың иелері «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңды бұзып жатқанын білмей қалады.

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларының негізінде үй жануарларын ұстау шарттары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс.

Жануарлар иелері Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз етуі тиіс.

Үй жануарының иесі мен жауапты адамы адамдар мен жануарлардың саулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.

Үй жануарын қоғамдық орындарда, ортақ пайдаланылатын орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, шектес балкондар, лоджиялар және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар), үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа), асүйлер мен жатақхана дәліздерінде ұстауға рұқсат етілмейді.

Үй жануарларының иелері, сондай-ақ жауапты адамдар тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, оның ішінде кондоминиум объектілерінің, қоғамдық орындардың үй жануарларымен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол бермеуі тиіс.

Бірнеше отбасы тұратын тұрғынжайда (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) үй жануарларын ұстау медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, барлық тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады.

Үй жануарларын бау-бақша, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып ұстауға жол беріледі.

Үй жануарларының иесі немесе жауапты адам осы аумаққа кіреберісте жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарының бар екендігі туралы ескерту жазба жазып қояды.

Қонақүйге әкімшілікпен келісім бойынша иесіне итпен немесе мысықпен қоныстануға рұқсат етіледі.

Үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға жануарды үй жануарларына арналған панажайға уақытша күтіп-бағуға орналастыруы, үшінші адамдарға уақытша күтіп-бағуға беруі, зоологиялық жатынжайға орналастыруы керек.

Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда иесі және жауапты адам үй жануарын одан әрі орналастыруға шаралар қабылдайды.

Жануардан бас тартса да, оған басқа адам меншік құқығын иеленгенге дейін иесінің үй жануарына қатысты міндеттерін тоқтатпайды.

Иттер өздігінен серуендей алмайтын және адамдар мен жануарларға шабуыл жасай алмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаса, ит байлаулы немесе тор қоршауда ұсталуы тиіс.

Үй жануарларын адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, сондай-ақ адамдардың мүлкі үй жануарларының зиян келтіруінен қорғалған жағдайда сеуендетуге болды.

Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтайды.

Жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануары жануардың иесіне және (немесе) жауапты адамға меншік құқығымен немесе өзге де заңды негізде тиесілі қоршалған аумақта болатын жағдайларды қоспағанда, серуендету орнына қарамастан, жануар иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін үй жануарларын тұмылдырықсыз және 1,5 (бір жарым) метрден асатын қарғыбаусыз серуендетуге рұқсат етілмейді.

Үй жануарларын серуендету кезінде иелері мен жауапты адамдар мынадай талаптарды сақтайды (ерекше жауапкершілікті талап ететін үй жануарларын қоспағанда):

1) қоғамдық орындарда иттің қарғыбауы 2 (екі) метрден аспауы керек;

2) итті тасымалдау кезінде, адамдар көп жиналатын жерде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар, мекемелер белгілеген орындарда тұмылдырық кигізіледі;

3) магистральдар маңындағы көшелер арқылы өту кезінде жол-көлік оқиғаларын болдырмау және жолдың жүретін бөлігінде оның өлуіне жол бермеу үшін үй жануарларына 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбау тағылады;

4) иттің иесі ғимарат ішінде болған уақытта итті сол ғимараттың жанында өздігінен шешіліп кетпейтін 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен тұмылдырық кигізіп байлаулы қалдыра алады;

5) иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлерде ит иесі немесе жауапты адам айналасындағыларға қауіп төндірмей, аумақты итке тұмылдырық кигізіп, 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғыбаумен кесіп өтуіне болады;

6) иттерді еркін серуендетуге арнайы бөлінген аумақтарда, алаңда еркін серуендетуге рұқсат етіледі.

Иттерді серуендетуге тыйым салынатын орындар тиісті белгімен белгіленуі тиіс.

Иттермен қорғалатын бекітілген аумақтары бар ит иелері мен жауапты адамдар иттерді өздерінің базаларында, қоймаларында, өндірістік үй-жайларында тек түнгі уақытта және қоршалған аумақта еркін серуендетеді. Күндізгі уақытта иттер байлауда немесе тор қоршауда болады.

Елді мекен аумағында:

      1) иттердің өз бетінше серуендеуіне;

      2) Үй жануарларының мінез-құлқын бақылай алмайтын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамдардың оларды серуендетуіне және олармен қоғамдық орындарда және көлікте бірге болуға;

      3) әкімшілікпен келісім бойынша спорттық және өзге де іс-шаралар ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, үй жануарларын мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорт және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет ұйымдарының, балалар және спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және үй жануарларын серуендетуге тыйым салу белгілері қойылған аумақтарда  серуендетуге;

      4) адамдарға шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, фонтандар мен су қабылдағыштарда үй жануарларын шомылдыруға және жуындыруға рұқсат етілмейді.

Үй жануарларының коммерциялық, коммерциялық емес, діни ұйымдардың, балалар, медициналық немесе білім беру ұйымдарының аумағында болуын және оларды ұстауды осы ұйымдар мен мекемелердің меншік иесі (әкімшілік) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес айқындайды.

Солтүстік Қазақстан облысының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы жергілікті атқарушы органдары үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды жабдықтайды.

Үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 407-2-бабы бойынша жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның әкімшілік жауаптылығы көзделген.