Біз бәріміз жайлы және ең бастысы, қауіпсіз өмір сүргіміз келеді. Мұнымен ешкім дауласа алмайды. Бірақ, бұған жетудің әдістері әртүрлі болады. Бәрі заңды және адамгершілікпен болғанын, адамдар қатыгездік танытпағанын қалаймыз. Айта кету керек, қаңғыбас жануарлармен күресу өте күрделі, шетін мәселе. Тұрғындар арасында қаңғыбас иттерге қарсы қатаң шара қолдануды қызу жақтаушылар да, осы төрт аяқты достарды қорғаушылар да бар. Әр тараптың өз ақиқаты, даусыз дәлелдері бар. Егер біреудің баласын немесе өзін қорқытса, немесе одан да қорқыныштысы, қаңғыбас иттер тістеп алса, бұл адам, әрине, мұндай жануарларды жою керек деген ұстанымда болады. Басқа біреудің иті – отбасының сүйіктісі, кездейсоқ шешіліп, көшеге жүгіріп шығып, қаңғыбас ит ретінде ұсталынады. Мұндай адамның ашу-ызасын түсінуге болады. Сүйікті үй жануарын жоғалту қиын, бұл отбасы мүшесінен айырылумен бірдей.
Әр елді мекенде қаңғыбас иттер бар, бір жерде олардың саны көп, бір жерде аз. Қаңғыбас иттер тобы қала тұрғындарын шошытып, көшелерде, аулаларда және қоқыс маңында толып жүреді. Көшедегі топтасқан иттер балаларға жиі шабуыл жасайды.
Қазіргі уақытта адамдарға тек қаңғыбас иттер ғана емес, сонымен қатар асыранды иттер де қауіп төндіреді. Бұл мәселені шешу үшін келесі сұраққа жауап беру керек: «неге көшеде қаңғыбас иттер көп?» және «неліктен адамдар оларды қараусыз брс қоя береді?». Қаңғыбас жануарлардың көбеюіне қарсы күресу мәселесі біз өзімізден бастамайынша шешілмейді. Біздің қалада үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларында талап етілгендей, өз иттерін байлауда, қоршауда ұстайтын, қарғыбаумен және тұмылдырықпен серуендететін қожайындар көп пе?
Көшеде жүрген иттердің көбінің иесі бар. Егер ит өз бетімен жүрсе, онда ол қаңғыбас болып саналады және алдағы уақытта иттерді аулаумен айналысатын адамның қолына оңай түсе қалады. Қаңғыбас иттер мәселесін шешу оңай емес. Заң бойынша жануарларды атуға тыйым салынған, тек аулауға және қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстау орындарына орналастыруға болады.
Қазіргі уақытта қолданыстағы облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 28 қыркүйектегі № 21/3 шешімімен бекітілген «Солтүстік Қазақстан облысының елді мекендерінің аумағында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларында» үй жануарларын ұстау және серуендету жөніндегі барлық ережелер жазылған.
Бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Ветеринария басқармасы иттері бар тұрғындарға өз жануарларын ереже бойынша ұстауды сұрайды, ал егер сіз біреудің иті қала көшелерінде бос жүргенін білсеңіз, полиция органдарына хабарлаңыз. Олардың иелері жазаланады. Егер еш шара қолданылмаса, қаңғыбас иттер тобы көбейіп, қала тұрғындарын қорқытуын жалғастырады. Бірақ, ең алдымен, бұл өзімізге байланысты. Өзіңізге төрт аяқты дос таппас бұрын, үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалын оқып шығыңыз, содан кейін: «Мен жануарды дұрыс ұстай аламын ба?» деген сұраққа жауап беріңіз. Кейінірек басқаларға қиындық тудырмас үшін, қандай жауапкершілік жүктеліп отырғанын есте сақтап, түсіне білу керек. Күшік асырап алғаннан кейін, біз бұл күшіктің үлкен итке айналатынын білуіміз керек және оның қаңғыбас иттер тобына қосылып кетпеуіне кім кепіл. Қала көшелерінде болып жатқан нәрсе – бұл тек адамдардың кінәсі. Бәрі қолға үйретілген жануарлары үшін жауапты екендігін сезінуі керек.