Шошқалардың африкалық обасының (ШАО) алдын алу

Шошқалардың африкалық обасының (ШАО) алдын алу

Шошқалардың африкалық обасы (Африка безгегi, шығыс африка обасы, Монтгомери ауруы, ШАО) — үй және жабайы шошқалардың аса қауiптi вирустық ауруы. Ауру тез таралады, осы ауруды жұқтырған шошқалардың өлiм-жiтiм көрсеткiшi жоғары, экономикалық зияны зор.

Адам мен жануарлардың басқа түрлерi үшiн шошқалардың африкалық обасы қауiптi емес.

Алғаш рет бұл ауру 1903 жылы Шығыс Африкада тiркелген және ұзақ уақыт бойы континент шегiнен шықпаған. 2007 жылдан бастап бұл ауру басқа аумақтарға таралып, Грузия, Армения, Шешен Республикасы, Әзiрбайжан, Таулы Қарабақ, Ингушетия, Абхазия, Солтүстiк Осетия, Орынбор облысы, Ставрополь және Краснодар өңiрлерiнде, Ростов облысында ресми тiркелген.

Инфекцияның негiзгi көзi — қоршаған ортаға вирусты секрециялар мен зат алмасудың соңғы өнiмдерiн бөлетiн ауру жануарлар.

Жануарлар күтiм жасау құралдары, ауру жұққан жемазықпен және сумен ас қорыту жолдары, тыныс алу жолдары, шырышты және зақымданған терi арқылы ауру жұқтырады.

Вирусты тасымалдаушылар ауру және өлi шошқалармен жанасқан құстар, үй және жабайы жануарлар, кемiргiштер, терi паразиттерi (кенелердiң, бүргелердiң, биттердiң кейбiр түрлерi) болуы мүмкiн.

Аурудың инкубациялық кезеңiнiң ұзақтығы орта есеппен 2-ден 6 күнге дейiн.

Аурудан айыққан және тiрi қалған жануарлар өмiр бойы вирус тасымалдаушыға айналады.

Вирус топырақта 112 күнге дейiн; сүр етте 170 күнге дейiн сақталады; вирус жануарлардың өлекселерiнде 2 айдан кейiн, мұздатылған тұтас етте 1000 күннен (3 жыл) кейiн өледi.

Бұл аурумен жасына қарамастан және кез келген жыл мезгiлiнде шошқалар ғана ауырады. Шошқалар ауруды азықтан, жәндiктер арқылы, ауру жануарлармен байланыста болған жануарлар мен құстардың кез-келген түрiнен жұқтырады.

Шошқа обасымен ауыру күдiгi бар жануарларды сойған жағдайда етi мен сойыс өнiмдерiн тағам ретiнде пайдалануға, тасымалдауға және сатуға тыйым салынады.

Шошқалардың африкалық обасының алдын алудың негiзгi шаралары инфекция вирусының әкелiнуiне және таралуына жол бермеуге бағытталған.

Сондықтан шошқа ұстайтын жеке қосалқы шаруашылықтар жануарлардың саулығын сақтап, экономикалық зиян келмеуi үшiн бiрқатар ережелердi сақтауы қажет:

  • мал дәрiгерлерiнiң шошқаларды қарап-тексерiп отыруын қамтамасыз ету (жануарларды қарап-тексеру, вакцина егу, қажеттi клиникалық зерттеулер жүргiзу, арнайы қасапханаларда сою);
  • шаруашылықтың жабық түрде жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету (шошқаларды қорада ұстау, шошқаларды басқа жануарларға жақындатпау, шошқа ұстайтын орындарға бөгде адамдарды кiргiзбеу, өңделмеген құрал-жабдықтарды әкелмеу, арнайы өңдеуден өтпеген көлiк құралдарын шошқа ұстайтын аумаққа кiргiзбеу);
  • ықтимал ауруды уақтылы анықтау мақсатында шошқаларды күнделiктi тексеруден өткiзу;
  • шошқаларды және шошқа ұстайтын қораны он күн сайын қансорғыш жәндiктерден (кенеден, биттен, бүргеден) тазарту, емiргiштермен үнемi күресу, шаруашылық аумағында дезинфекциялау iс-шараларын жүргiзу;
  • шошқаларды әкелiнген жерiнiң аурудан таза екендiгiн растайтын ветеринариялық iлеспе құжаттарсыз рұқсат етiлмеген сауда орындарынан сатып алмау;
  • жануардан алынған азықты мiндеттi түрде алдын ала жылумен өңдеу, шошқаларды азықтандыру үшiн қайдан алынғаны белгiсiз тамақ қалдықтарын пайдаланбау;
  • адамдар шошқа ұстайтын орынға барғаннан кейiн, мiндеттi түрде санитариялық өңдеуден (душқа түсуi, киiм ауыстыруы) өтуi қажет;
  • шошқаларды азықтандыру, суару және оларға күтiм жасау үшiн бөлек киiм мен аяқ киiм кию керек;
  • әскери бөлiмдерден, қоғамдық тамақтану кәсiпорындарынан шыққан тамақ қалдықтарын, қоқыстан, дүкеннен алынған мерзiмi өткен өнiмдердi шошқаларға азық ретiнде пайдаланбау;
  • егеуқұйрықтарды жою және жануарларды қансорғыш жәндiктерден тазарту (мемлекеттiк ветеринариялық қызмет мамандарынан кеңес алуға болады);
  • шошқалардың африкалық обасының белгiлерi шошқаларда байқалған жағдайда немесе жануарлар кенеттен қырылған кезде тиiстi аудандық аумақтық инспекциялар мен ветеринариялық станцияларға хабарлау қажет;
  • базарлардан, сауда кәсiпорындарынан тыс жерлерден ветеринариялық iлеспе құжаттары жоқ шошқаның ет өнiмдерiн сатып алмау.

Шошқа шаруашылықтарында шошқалардың оба жұқтыруына жол бермеу үшiн, жемазық сапасын, жануарлардың иммундық жүйесiнiң жай-күйiн қадағалап отыру қажет.

Қора-жайларда жүйелi түрде дезинфекция, дератизация жасап отыру керек. Дезинфекция жасалмаған жаңа құрал-жабдықты пайдалануға болмайды.

Жемазықты ШАО тiркелмеген өңiрлерден сатып алған жөн.

Шошқалардың ет қоректi жануарлармен, көршi фермалардағы, шаруашылықтардағы жануарлармен жанасуына жол бермеген дұрыс.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 бұйрығымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 10223 болып тiркелдi) бекiтiлген Жануарларды карантиндеу қағидаларына сәйкес әкелiнген жануарлар карантинге қойылады.

Жануарлар арнайы кәсiпорындарда сойылуы керек. Африкалық оба вирусын жұқтыру күдiгi болған жағдайда шошқаларды оқшаулап, бөлек қорада ұстайды. Дереу кешендi диагностика жасау үшiн мал дәрiгерiмен хабарласу керек.

Шошқа шаруашылықтарына осы ауру бойынша қолайсыз елдерден вирус әкелiнуiне жол бермеу шаралары шошқа обасының алдын алудың маңызды мәселесi.

Шошқалардың африкалық обасының алдын алу бойынша қатаң шаралар қолданудың қажеттiлiгi арнайы профилактика құралдарының болмауымен және осы ауру әкелiнген кезде үлкен зиян келтiрiлуiне байланысты.

«Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң ветеринария басқармасы» КММ