
Жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өндірумен, тасымалдаумен, дайындаумен және өңдеумен айналысатын ұйымдардың, сондай-ақ азаматтардың жеке қосалқы шаруашылықтарының шаруашылық қызметі процесінде халықтың және ауыл шаруашылығы жануарларының саулығына нақты қауіп төндіретін едәуір мөлшерде биологиялық қалдықтар түзіледі, олар қоршаған ортаны ластау көзі болып табылады және жұқпалы аурулардың таралуына ықпал етеді.
Биологиялық қалдықтарға жануарлар мен құстардың өлекселері, жануардың түсік тасталған және өлі туған ұрығы, ветеринариялық конфискаттар (ет, балық, жануарлардан алынатын басқа да өнімдер), жануарлардан алынатын тағамдық және тағамдық емес шикізатты өңдеу кезінде алынатын басқа да қалдықтар жатады.
Жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алуда жануарлардың өлекселерін уақтылы жинаудың және оларды жоюдың маңызы зор. Инфекциядан өлген жануарлардың өлекселері мен ағзасында патогендік микроағзалар өте ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан жануардың өлексесі жұқпалы аурулардың таралу көзі бола алады.
Жануар иелері жануар өлген, түсік тасталған немесе өлі туылған ұрық табылған сәттен бастап бір тәуліктен аспайтын мерзімде бұл туралы ветеринар маманға хабарлауға міндетті, ол тексеру нәтижелері бойынша биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату немесе жою тәртібін айқындайды.
Биологиялық қалдықтарды қайта өңдеуге немесе көмуге (күйдіруге) апару міндеті шаруашылық иесіне жүктеледі.
Биологиялық қалдықтарды кәдеге жаратудың бір жолы – мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар).
Мал қорымы (биотермиялық шұңқыр) – санитариялық-қорғаныш аймағын сақтай отырып орналасқан жануарлардың өлекселерін залалсыздандыруға арналған құрылыс.
Биологиялық қалдықтарды жерге көму, су айдындарына, тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастау, қалдықтарды көмуге арналған полигондарға шығару жолымен жоюға қатаң тыйым салынады.
Құрметті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, жануарлардың өлім-жітімі мен ауруларының барлық жағдайлары туралы ветеринар мамандарға хабарлау қажет.