Қаңғыбас иттер – қала тұрғындарын да, ауыл тұрғындарын да алаңдатып отырған мәселе. Жануарлардың агрессивті мінез-құлқына шағымдардың болуы, балаларға қауіп төнуі, шабуыл жасау жағдайлары – осының бәрі ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың саны қатаң түрде адамгершілікті әдістермен реттелуі керек.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғаннан бастап қаңғыбас иттермен жұмыс аулау – стерилдеу – вакциналау – босатып жіберу қағидаты бойынша жүргізіледі.
Заң қабылданғаннан бері облыс орталығы аумағында 800-ден астам қаңғыбас жануар бірдейлендірілді, стерилденді және вакциналанды.
Облыста жануарларды есепке алу жөніндегі «ТАNBA» ақпараттық сервисі жұмыс істейді. Үй жануарларын есепке алу қағидаларына сәйкес 12 991 үй жануары, оның ішінде 7735 ит пен 5256 мысық есепке қойылды.
Иттер ауланып, стерилденіп, вакцина егіліп, босатып жіберілгеннен кейін агрессиясы азаяды, көбеймейді және аумағын басқа қаңғыбас иттерден қорғайды. Осылайша, популяция саны біртіндеп азаяды.
Өкінішке орай, көшедегі иттердің бір бөлігі – бұрын үйде ұстаған жануарлар. Оларды көбінесе өз бетінше жібереді немесе қуып жібереді. Сондықтан халықпен үй жануарларына чип салу, тіркеу, ұстау және серуендету туралы белсенді түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тастанды жануарлар үшін иелері жауап береді.
Мәселені шешу барлық тараптардың: жергілікті органдардың, ветеринариялық қызметтердің, зооқорғаушылар мен тұрғындардың қатысуынсыз мүмкін емес. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана тәртіп орнатып, қаңғыбас иттердің санын азайтуға және азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады.