Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (бұдан әрі – ББЖМ) білім беру ұйымдарынан тәуелсіз тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (бұдан әрі – МЖБС) сәйкес білім алушылардың білім сапасын жүйелі бақылау болып табылады.
ББЖМ кейіннен әдістемелік көмек көрсете отырып және білім беру сапасын қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлей отырып, нәтижелерін дайындауды және жүргізуді, өңдеуді және жүйелі талдауды қамтиды.
Бастауыш, негізгі орта білім беру ұйымдарында ББЖМ МЖБС талаптарына сәйкес білім алушылардың білім сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі.
ББЖМ 4 және 9 сынып оқушылары арасында бастауыш және негізгі орта білім беру ұйымдарында өткізіледі.
ББЖМ 4-9 сыныптарда тестілеу нысанында электрондық форматта, оқыту тілінде үш бағыт (оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық) бойынша жүргізіледі.
ББЖМ өткізілетін орта (бастауыш, негізгі орта) ұйымдардың тізбесін жыл сайын Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мынадай параметрлер бойынша іріктейді:
– аумақтық тиістілігі (қала, ауыл);
– жалпы білім беретін мекемелердің түрлері (жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназия, мектеп-гимназия, мектеп-лицей);
– меншік нысаны (мемлекеттік, жеке);
– оқыту тілі (қазақ/орыс);
– білім беру ұйымдарының қатысу пайызы (25%).