Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлiк мектебi физика пәнiнiң мұғалiмi «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайында ерекше қажеттiлiгi бар балаларға арналған «Жүрек жылуы» кабинетiн ашты. Дамыту орталығы Даун синдромы, сөйлеу қабiлетiнiң тежелуi, тiрек-қимыл аппараттары қызметiнiң бұзылуы диагноздарына шалдыққандарға арналған.
Бiрегей нысанның ашылу салтанатына «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» ДББҰ төрайымы Күләш Шәмшидинова, балалар мен олардың ата-аналары қатысты.
— Бiз педагогымыздың бастамасын қолдадық. Орталықта негiзiнен ерiктiлер қызмет ететiн болады. Болашақта жергiлiктi университеттiң студенттерiн де жұмысқа тартамыз, — деп атап өттi Күләш Ноғатайқызы.
Бұрын — сонды облыс орталығында болмаған мұндай кабинет мүмкiндiгi шектеулi балаларға үлкен септiгiн тигiзбек. Физика-математика ғылымдарының докторы, PhD Дина Құдабаеваның бұл бастамасын қолдау мақсатында «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» дербес бiлiм беру ұйымының ұжымы қажеттi жабдықтарды сатып алу мақсатында қаражат жинады.
Ерiктi педагог мүмкiндiгi шектеулi балаларға «Астрономия» пәнi бойынша тегiн сабақ бередi. Сонымен қатар, кабинетте балалармен педагог-психологтар жұмыс iстейдi. Бұл орталық әлемдегi Даун синдромына шалдығушылар арасында алғаш болып ЖОО тәмамдап, колледжде сабақ беретiн испандық Pablo Peneda-мен әрiптестiк байланыста болмақ.
Биылғы жылдың 26 қарашасында Алматы қаласында мұғалiмдерге арналған Нобель сыйлығы тәрiздi «Қазақстан мұғалiмi 2020» ұлттық сыйлығының финалистерiн марапаттау рәсiмi өткенi баршамызға мәлiм. Дина Айтжанқызы «Жаһандық премияның Қазақстандағы амбассадоры», «Қазақстан мұғалiмi 2020» ұлттық сыйлығының лауреаты атанған болатын. Ұлттық сыйлықтың басты қағидатын, яғни қоғамға қызмет ету идеясын жүзеге асыру мақсатында педагог Петропавл қаласындағы «DIGITAL URPAQ» оқушылар сарайында балаларға арналған демалыс кабинетiн ашу бастамасын қолға алғанын тiлге тиек еттi.
— Өкiнiшке қарай Петропавлда ерекше қажеттiлiгi бар балаларды дамытуға арналған орталықтар жоқ. Тек ақылы түрде жұмыс iстейтiн психологтар ғана бар. Сондықтан осындай бастама көтерiп, әлеуметтiк мәселенiң шешiлуiне өз үлесiмдi қосуды жөн санадым, — дейдi Дина Құдабаева.
Амбассадор астрономияны зерттеуде ерекше оқу қажеттiлiктерi бар балаларға көмек көрсетудi жоспарлап отыр. Мұндай кабинеттiң ашылуы өте маңызды, ата-аналарға арналған оқу сессиялары, психологтың кеңесi, Stellarium демонстрациясы, ғылыми жаңалықтар жайлы танымдық фильмдер көрсетiлетiн болады.
Дина Айтжанқызы бiрнеше жыл бойы Петропавл облысындағы «Балалар ауылында» ерiктi ретiнде қызмет атқарып жүр. Ол әрбiр бала тұратын жерiне, әлеуметтiк мәртебесiне, денсаулығына қарамастан өз жұлдызын жаға алатынына кәмiл сенедi.