«Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша өңіраралық кәсіби шеберлік чемпионаты WorldSkills Petropavl-2026

«Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша өңіраралық кәсіби шеберлік чемпионаты WorldSkills Petropavl-2026

2026 жылғы 13–14 мамыр күндері «Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжі» КМҚК базасында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Petropavl-2026» өңіраралық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.

Жарысқа Ақмола облысынан келген командаларды қоса есептегенде, барлығы 11 команда қатысты. Қатысушылар нақты өндірістік жағдайларға барынша жақындатылған байқау тапсырмаларын орындады. Чемпионат барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету, ақауларды диагностикалау, жабдықтарды баптау саласындағы білімдерін, сондай-ақ қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеу дағдыларын көрсетті.

Қазылар алқасының құрамында:

Қазылар алқасының төрағасы – «СҚО Есіл ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі» КММ мемлекеттік инженер-инспекторы Александр Анатольевич Бондарцов;

Бас сарапшы – Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының маманы Никита Владимирович Баранов;

Тәуелсіз сарапшы – «Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжі» КМҚК кәсіптік оқыту жөніндегі директордың орынбасары, «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша халықаралық сарапшы, Euroskills Gdansk-2023 (Польша), Worldskills Lion-2024 (Франция), Turkicskills Aktay 2025 (Қазақстан) чемпионаттарының қатысушысы Серік Алпысбаевич Кулатаев болды.

Чемпионат студенттер, өндірістік оқыту шеберлері мен сала сарапшылары арасында тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды. Осындай іс-шаралар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніне қажетті білікті кадрларды даярлауға ықпал етеді.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
1 орын — «Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының агротехникалық колледжі» КММ
2 орын — «Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжі» КММ

2 орын — «Ж.Қизатов атындағы жоғары ауылшаруашылығы колледж» КМҚК
3 орын — «Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы жоғары аграрлық - технологиялық колледжі» МКҚК

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушылар белсенді қатысқаны, жоғары дайындық деңгейі және кәсіби жетілуге деген ұмтылысы үшін алғыс хаттар мен сертификаттарға ие болды.