СҚО-да пилоттық жобаны іске асыру әдістері мен жолдарын талқылау

СҚО-да пилоттық жобаны іске асыру әдістері мен жолдарын талқылау

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық машина жасау саласын қолдау мәселелері бойынша ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының тапсырмаларын іске асыру жұмыстарын жүргізуде. Машина жасау саласы үшін жұмысшы кадрларды даярлау мақсатында Сенаттың Конструкторлық бюросының жұмыс тобы құрылған.

2025 жылғы 19 маусымда дуальді оқытуды енгізу жөніндегі ұлттық бастаманы іске асыру аясында пилоттық жобаға қатысушы Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің базасында Қазақстан машина жасаушылар одағы атқарушы дирекциясының директоры Т.К.Базарбеков  пен «Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту институты» ЖШС директоры М.М.Идрисовтың қатысуымен жұмыс кездесуі өтті.

Негізгі тақырып – Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жобаны іске асыру әдістері мен жолдарын талқылау болды.

 Дөңгелек үстел жұмысына өңірдің жетекші машина жасау кәсіпорындарының өкілдері: «Авагро» ЖШС, «Мунаймаш» АҚ, «КазТехМаш машина жасау зауыты» ЖШС, «СТ Assembly» ЖШС, «ЗМО» ЖШС, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан Satbayev University, СҚО Білім басқармасы мен қала колледждерінің өкілдері қатысты.

Талқылау барысында өңірдің машина жасау саласын дамытуға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Әсіресе кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инновациялық технологияларды енгізу, сондай-ақ дуальді оқыту қағидаттарына негізделген – білім беру мекемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың тығыз өзара іс-қимылы арқылы білікті кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара соңында колледждің өндірістік цехтары мен оқу зертханаларына экскурсия ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге қатысушылар СҚО Білім басқармасына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін және Байкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжіне алаң ұсынғаны үшін алғыстарын білдірді.