
Жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республикада әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты жою бойынша күреске бағытталған «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» атты халықаралық науқан өтеді.
Науқан аясында ағымдағы жылғы 6-7 желтоқсанда Басқарма өкілдері облыста өткізілетін іс-шараларға қатысты. «Dostyq Mall» сауда үйі жанындағы ақпараттық науқан, СҚО әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырған «Отбасылық зорлық-зомбылық және оны қазіргі қоғамда жеңу жолдары» тақырыбындағы кездесу өтті.
Сондай-ақ, науқан барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары уақытша болатын және тұратын Баспанада құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесу, психологпен әңгімелесу, заңгермен, медицина қызметкерімен кеңесу сияқты түрлі тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалар арасында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты суреттер байқауы өткізілді.
Облыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған баспана үкіметтік емес секторда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейді, қызметтерді жеткізуші «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ болып табылады.
Баспанада болған уақытта әлеуметтік қызметтер кешені (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық), оның ішінде 6 айға дейінгі мерзімге тұру мүмкіндігі ұсынылады. Баспанаға зардап шеккен адаммен (ата-анасымен немесе заңды өкілімен) бірге кәмелетке толмаған балалар да қабылданады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар 8(7152)46-13-26 телефон нөмірі бойынша «Әйелдерді қолдау орталығы» ҚБ-ға жүгіне алады.