Жергілікті атқарушы органдардың «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық жүйесіндегі  қызметі мәселелері бойынша.  

Жергілікті атқарушы органдардың «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық жүйесіндегі  қызметі мәселелері бойынша.   

Мемлекеттің басты міндеттемелерінің бірі ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224 - VII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі» 154-бабының 6-тармақшасына, 1-тармағына сәйкес мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қорғау, абилитация, оңалту, қоғамға интеграциялау құқықтарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Конституциясында, басқа да заңнамалық актілерде бекітілген әлеуметтік-экономикалық, жеке құқықтары мен бостандықтарының толықтығына ие, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарына, ақпаратқа, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық жарыстарға және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының аумағында 25 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі-Министрлік) «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында (inva.gov.kz) ақпаратқа және әлеуметтік маңызы бар нысандарға қол жеткізу құқығын іске асыру шеңберінде «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» (бұдан әрі – Қолжетімділік картасы) әзірленді. Қолжетімділік картасының көмегімен мүгедектігі бар адамдар ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған 38 мыңнан астам нысанның орналасқан жерін анықтай алады, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан 1589 нысан туралы ақпарат ала алады.

Барлық өңірлерде қолжетімді объектілер туралы ақпаратты жергілікті атқарушы органдар ұсынады. Осыған байланысты, министрліктің тапсырмасы негізінде, 2023 жылғы 27 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаментімен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін жұмысқа және мәліметтерді Қолжетімділік картасына енгізуге қатысты оқыту жүргізді.

Оқытуға сот әкімшілігінің өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, полиция департаментінің, білім, денсаулық сақтау, құрылыс, табиғи ресурстар, кәсіпкерлік, дене шынықтыру және спорт басқармаларының, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері қатысты.

Барлық өткізілетін іс-шаралар инклюзивті қоғам құруға бағытталған, онда әр адам өзінің ерекшеліктеріне қарамастан, өмірдің барлық салаларына тең мүмкіндіктер мен қол жетімділікке ие.