КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА ШЕҢБЕРІНДЕ КӘСІПКЕРЛІК МАҚСАТТАҒЫ ӨТЕУСІЗ ГРАНТТЫ КІМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ АЛА АЛАДЫ?

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ЖОБА ШЕҢБЕРІНДЕ КӘСІПКЕРЛІК МАҚСАТТАҒЫ ӨТЕУСІЗ ГРАНТТЫ КІМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ АЛА АЛАДЫ?

Облыста  былтыр 1214 адамға 680,7 млн. теңге көлемінде гранттық қаржы берілді. Биыл жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін жеке ісін ашуға жағдай жасау мақсатында 829,9 млн. теңге сомасына 655 грант беру жоспарлануда.

           

         Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде гранттар жаңа-бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде беріледі. Ағымдағы жылы грант сомасы 1 225 200 теңгені (айлық есептік көрсеткіш – 3063 теңге) құрайды.

            Гранттар грант алуға өтініш бергенге дейін кемінде үш жыл бұрын дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдарға беріледі.

 

- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде қайтарымсыз қаражат беру қандай актімен реттеледі?

            Ағымдағы жылы жаңа-бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар беру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 14 шілдедегі № 263 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларымен реттеліп, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 - 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде беріледі. Осы Қағидада грантты беру тәртібі, жобаларға мониторинг жасау, есептілігін жүргізу ережелері нақтыланған.

 

- Гранттық қаражатты ұсыну жөніндегі негізгі оператор кім?

Грантты халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде береді.

 

 

Үміткердің Бизнес-жоспарын қарау кезінде Комиссия мүшелері оны бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты өлшемшарттар бойынша бағалауы тиіс.

- Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде берілетін өтеусіз грантқа кім үміткер бола алады? «Бастау Бизнес» оқыту курстарына қалай қатысуға болады?

Грант алуға өтініш бергенге дейін кемінде үш жыл бұрын дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер және атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар сияқты халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдар жұмыссыз немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан кем болатын дара кәсіпкер ретінде грант беруге өтініш бергенге дейін тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлем төленген жағдайда грант алуға үміткер бола алады.

Жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттарына сәйкес келетін адамдар кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға жіберіледі. Ол үшін адамдар business.enbek.kz порталында тіркеліп, автоматты режимде жоғарыда көрсетілген санаттарға сәйкестігі тексеріледі, одан кейін skills.enbek.kz тұғырнамасында «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсына қолжетімділік беріледі. Онлайн оқыту курсының ұзақтығы оқу курсы басталған сәттен бастап 14 күнтізбелік күннен аспайды және өтеусіз негізде ұсынылады. Оқыту жеке тәртіппен, оқу материалдарын өз бетінше игеру жолымен жүргізіледі, одан кейін қорытынды тестілеу жүргізіледі. Тестілеу қорытындысы бойынша сұрақтардың жалпы санының 70 (жетпіс) пайызынан астамын дұрыс жауап алған тұлғаға платформада жеке кабинетте көрсетілетін бірегей нөмір бере отырып, оқуды аяқтау туралы электрондық сертификат беріледі.

 

 

 

 

- Грант алу үшін қайда, қандай құжаттар тапсыру керек?

 

            Грант алуға үміткер business.enbek.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық өтініш береді және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуды аяқтағаны туралы сертификаттың болуына және талап етілетін шарттарға сәйкестігіне автоматты режимде тексеруден өтеді.

            Бұдан басқа, Порталда бизнес-жобаның шаблоны орналастырылған, үміткер оны толтырып, жеке кабинетке тіркейді.

 

- Бұл қаражат қандай мақсаттарда қолданылады?

 

            Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар нысаналы мақсаты бойынша қажетті мүкәммалды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерінің, сондай-ақ сауда объектілерінің, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы объектілердің аумағында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу сияқты мақсаттар үшін беріледі.

            Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, несиелік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіру үшін берілмейді.  

- Грантты мақсатсыз пайдаланған жағдайда не болады?

         Грант алушы гранттық қаражаттың нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылғанын немесе пайдаланылмағанын растай алмаған жағдайда шарт жасалған күннен бастап 3 ай ішінде Портал арқылы қаражатты ерікті түрде толық қайтару үшін өтінім береді.

 

- Өтеусіз қаражат алуға үміткерлердің жобаларын қарайтын комиссияның құрамына кімдер кіреді?

         Жобаларды қарау жөніндегі комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және Комиссия мүшелерінен тұрады, оның құрамына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдері, бизнестің, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, салалық сарапшылар кіреді.