Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша «Инватакси» қызметін көрсету туралы

Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша «Инватакси» қызметін көрсету туралы

Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау бойынша «Инватакси» қызметін  көрсету Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің м. а. 2013 жылғы 1 қарашадағы № 859 бұйрығымен бекітілген Қағидалармен регламенттеледі.

2009 жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында іске асырылатын бұл әлеуметтік көмек қазіргі уақытта Петропавл қаласы мен Уәлиханов ауданының аумағында қолжетімді болып табылады.

Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ аурудың сипатына қарамастан, он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар тегін жол жүруге құқылы.

Осы қызметті көрсету процесінің ашықтығын арттыру және автоматтандыру мақсатында оны Әлеуметтік қызметтер порталына ықпалдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ағымдағы жылы № 859 бұйрыққа ай сайын көрсетілетін қызметтерді пайдалану лимитін белгілейтін өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн.

Мүгедектіктің бірінші және екінші топтарына жататын, соның ішінде кресло-арбамен жүретін, жұмыс істейтін, білім алатын және мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері болып табылатын адамдарға, сондай-ақ он сегіз жасқа дейінгі жұмыс істейтін және білім алатын мүгедектігі бар балаларға лимит айына жиырма бес сағатты құрайды.

Тиісті бағыттар бойынша жүретін мүгедектігі бар өзге де адамдар үшін алты сағаттық лимит белгіленген. Бұл ретте негізделген қажеттілік болған жағдайда және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, жергілікті деңгейде белгіленген сағат санын және бір сапардың ұзақтығын ұлғайту туралы мәселені қарауға жол беріледі.