Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету: Порталда алаяқтықтың алдын алу жөніндегі шаралар

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету: Порталда алаяқтықтың алдын алу жөніндегі шаралар

Әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) өнім берушіні өз бетінше таңдау мүмкіндігін беру арқылы мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен (бұдан әрі - ОТҚ) қамтамасыз етуге арналған ақпараттық платформа болып табылады. Алушы, Өнім беруші және Уәкілетті орган арасындағы өзара іс-қимыл Портал арқылы жасалатын Шартпен реттеледі. Міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету және жосықсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы белгіленген регламентті қатаң түрде сақтау қажеттігі туралы хабарлайды.

Өнім берушілер ұсынылатын тауарлар мен қызметтердің  Порталда орналастырылған сипаттама мен шарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуі тиіс. Қолданыстағы Қағидалар мен Шартта көзделмеген тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін қосымша шарттар белгілеуге жол берілмейді. Бұл нормалар жарнаманың кез-келген түрін орналастыруға, акциялар өткізуге, сондай-ақ кепілдендірілген көмек алуға байланысты қосымша тауарлар, қызметтер немесе ақшалай сыйақылар ұсынуға тыйым салады. Алушының жалғыз қаржылық міндеттемесі таңдалған тауардың немесе қызметтің құны заңнамада белгіленген кепілдендірілген сомадан асып кеткен жағдайда ғана алынатын төлем болуы мүмкін.

Өнім берушілер тарапынан қосымша шарттар, қызметтер белгілеу, регламентті бұзу фактілері, немесе алаяқтық схемалардың белгілері анықталған жағдайда Алушыларға осы бұзушылықтар туралы уәкілетті органдарға хабарлауы тиіс.

Ақпаратты уақытылы ұсыну Портал тізілімінен  жосықсыз Өнім берушілерді шығару туралы мәселені қарау үшін негіз болып табылады. Порталдың жұмысына қатысты мәселелер бойынша консультациялық қолдау алу үшін 1414 бірыңғай нөмірі бойынша байланыс орталығына, сондай-ақ 87152-465648, 87152-462901 нөмірлері бойынша Басқармаға хабарласуға болады.