
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына сәйкес облыс аудандары мен Петропавл қаласында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуді көздейтін ұқсас Қағидалар әзірленді.
Азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін:
1) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
2) өрт салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келуі;
3) әлеуметтік маңызы бар аурулардың болуы;
4) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілеген шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы;
5) жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы;
6) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
7) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы негіз болып табылады.
Бұдан басқа, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен жеңілдіктері бойынша оларға теңестірілген ардагерлерге тіс протездеу, санаторлық-курорттық емдеу, коммуналдық қызметтер, емдеуге жатқызу орнына дейін және кері қайту қызметтеріне ақы төлеуге әлеуметтік көмек төленеді.
Әлеуметтік көмек алу үшін азаматтар ауылдық округтердің әкімдіктеріне, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне, сондай-ақ «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүгіне алады.
Жыл басынан бері 277 отбасына (351 адам) тұрғын үй көмегі 13,3 млн. теңге сомасына көрсетілді.