Арнайы стационарлық үй-жайларға мониторинг жүргізілді

Арнайы стационарлық үй-жайларға мониторинг жүргізілді

19-24 тамыз аралығында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Дін істері басқармасына қарасты Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының қызметкерлері діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған арнайы стационарлық үй-жайларға мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында мамандар аталған үй-жайлардың қызметіне қойылатын белгіленген талаптарды түсіндіріп, олардың сақталуына тексеру жүргізді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабы 2-тармағына сәйкес діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсаттағы заттарды таратуға тек ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ осы мақсатқа арнайы арналған стационарлық үй-жайларда ғана жол беріледі.
Мұндай үй-жайлардың орналасу орындарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары айқындайды.
Діни әдебиеттерді тарату жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың орналасуын келісу бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет қарастырылған. Тиісті келісімді белгіленген талаптарға сәйкес келетін дүкен немесе өзге де үй-жай ала алады.
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Қызмет көрсету мерзімі – 15 жұмыс күні.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет туралы толық ақпаратпен электрондық үкімет порталындағы сілтеме арқылы танысуға болады.
Мониторинг жүргізу діни қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы басқа да материалдарды тарату кезінде заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған.