
18 желтоқсан күні Петропавл қаласындағы «Рахмет» сауда орталығында Республикалық «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында қала тұрғындарына арналған консультациялық алаң ұйымдастырылды.
Іс-шара әртүрлі сала мамандарын біріктіріп, олар қала тұрғындарын толғандыратын өзекті сұрақтарға жауап беріп, білікті консультативтік көмек көрсетті. Алаң жұмысына Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының, сот-атқару жүйесінің, ЖИТС орталығының, «Отбасы банкінің» өкілдері, сондай-ақ тәжірибелі психологтар мен заңгерлер қатысты. Барлығы 6 маман консультация жүргізіп, әрбір жүгінген азаматқа жеке түсіндірме берді.
Қала тұрғындары әртүрлі мәселелер бойынша жүгінді. Атап айтқанда, оларды діни әдебиеттер мен атрибутиканы тарату мәселелері, Қазақстанның діни саладағы мемлекеттік саясаты, әлеуметтік қолдау алу мүмкіндіктері, құжаттарды рәсімдеу, сондай-ақ психологиялық көмек алу сұрақтары қызықтырды.
Іс-шара ұйымдастырушылары әрбір келушінің тек ауызша кеңес алып қана қоймай, пайдалы ақпараттық материалдарға да қол жеткізуін қамтамасыз етті. Консультациялық алаң аясында «Басқалардың құқықтарын бұзбай, дін туралы қалай айтуға болады» атты брошюралар мен тақырыптық буклеттер таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты тек азаматтардың нақты мәселелерін шешу ғана емес, сонымен қатар халықтың құқықтық және әлеуметтік сауаттылық деңгейін арттыру болып табылады. Мамандармен ашық диалог жүргізу мүмкін болатын қақтығыстардың алдын алып, заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.