Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық

Үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтастық

23 мамыр күні Қалалық мәдениет үйінде VIII облыстық «Демеу жұлдыздары» фестивалі өтті. Сахнада музыкалық және би қойылымдары орындалып, фойеде ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық жұмыстары мен қолдан жасалған бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме олардың шексіз таланты мен рух мықтылығын паш етті.

 

Осы күні ерекше назар күн сайын ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдауға үлкен үлес қосып жүрген жандарға — тек іспен ғана емес, сөзбен және жүрекпен де қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға аударылды. Аналар мен еріктілерге шынайы қамқорлығы, жанашырлығы және белсенді қатысқаны үшін ерекше алғыс айтылып, «Мейірімділік пен адамгершілік үшін» медальдары табысталды. Марапат иелерінің қатарында — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н. Дементьева, «Қызылжар» қалалық мешітінің бас имамы Қ. Исаев, сондай-ақ Дін істері басқармасының басшысы Р. Қасенова және өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері мен серіктестері бар.

 

Өңірдегі қайырымдылық қызметінде діни бірлестіктер маңызды рөл атқарады. Олар тек әлеуметтік жобаларға қатысып, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдап қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде де белсенділік танытады — гуманитарлық көмек көрсету пункттерін ашады, уақытша баспана ұсынады, моральдық және рухани қолдау көрсетеді. Олардың қызметі мейірімділік пен өзара көмектің қоғамды біріктіретін ортақ құндылықтар екенін дәлелдейді.

 

Бұл шара бірлік, мейірім мен ашық жүректің символына айналып, тағы бір мәрте мына ақиқатты дәлелдеді: адамның мүмкіндіктерінің шегі физикалық жағдайымен емес, рухтың қуатымен, өз-өзіне сеніммен және айналадағы қолдаумен анықталады.