«Солтүстік–2026» қысқы спорт ойындары аясында салтанатты іс-шарасы

«Солтүстік–2026» қысқы спорт ойындары аясында салтанатты іс-шарасы
03 ақпанда «Жолдасбай агро» орталық аудандық хоккей кортында «Солтүстік–2026» қысқы спорт ойындары аясында салтанатты іс-шара өтті. Жарыс бағдарламасына шаңғы жарысы, конькимен жүгіру және шайбалы хоккей түрлері енгізіліп, ауданның түкпір-түкпірінен келген спортшылар мен жанкүйерлерді бір арнаға тоғыстырды.
Қысқы ойындарға Ақбұлақ, Ақтүйесай, Бидайық, Көктерек, Телжан және Кішкенекөл ауылдық округтерінің командалары қатысты. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен нағыз спорттық мінез-құлықты көрсетті.
Спартакиада факелін табыстау сәті ерекше салтанатты әрі мәнді болды. Факелді облыстық және аудандық жарыстардың чемпионы Әділет Молдиметов алып шықса, оны шайбалы хоккейден бірнеше дүркін чемпион Данияр Утекин қабылдап алды. Бұл әсерлі көрініс ұрпақтар сабақтастығының, спорт рухының күшінің және жаңа жеңістерге деген ұмтылыстың айқын символына айналды.
«Солтүстік–2026» қысқы спорт ойындары бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болды. Мұндай іс-шараларды қолдау – жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Барлық спортшыларға, ұйымдастырушыларға және жанкүйерлерге белсенді қатысқандары және аудан спортының дамуына қосқан үлестері үшін алғыс білдіремін. Қатысушыларға жаңа жеңістер мен сәтті бастамалар тілеймін! - атап айтты Уәлиханов ауданының әкімі М.Абдулов.