Жаңа Конституция жобасы бойынша қоғамдық талқылау

Жаңа Конституция жобасы бойынша қоғамдық талқылау
Уәлиханов ауданында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына арналған ашық қоғамдық талқылау өтті. Іс-шара барысында елдің Негізгі Заңын жаңартуға бағытталған ұсыныстар мен жаңа нормалар кеңінен қарастырылды.
Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және аумақтық органдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Талқылау барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары атап өтілді. Атап айтқанда, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басымдығы, халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі екені, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарының нығаюы, сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамытуға ерекше мән берілгені айтылды. Сонымен қатар, цифрлық ортадағы азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмады.
Жиын барысында Уәлиханов аудандық мәслихатының төрағасы Сапар Қапарұлы Сәниев, аудандық Іскер әйелдер қоғамының мүшесі Дариға Сейітқызы Искакова, Кішкенекөл №2 орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Ляззат Хабиболлақызы Сарбасова және Ауылшаруашылық колледжінің өндірістік оқыту шебері Олжас Әділханұлы Қарқошев баяндама жасап, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.
Сонымен қатар, ауданның Құрметті азаматтары Төлеген Тасымұлы Сатыбаев пен Сансызбай Мұхамедрахымұлы Қалиев жаңа Конституцияға қатысты өздерінің азаматтық позицияларын ашық айтып, қоғамдағы маңызды мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.
Қоғамдық талқылау ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар Конституция жобасының ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында спикерлермен мазмұнды баяндамалар жасалды.
Жаңа Конституция — ел дамуының берік іргетасы. Осындай ашық талқылаулар қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, ортақ жауапкершілікті нығайтуға ықпал етеді.