Спорт күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті

Спорт күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өтті

Аудан әкімі Мұрат Абдулов өзінің құттықтау сөзінде, биылғы жыл спорт үшін табысты әрі жетістіктерге толы кезең болғанын атап өтті.

Ұзақ жылдар бойы аудан спортының дамуына үлес қосқан ардагеріміз Хасенов Бектай Сұлтанғазыұлына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы» деген құрметті атағы берілді.

Сонымен қатар, облыстық деңгейдегі түрлі жарыстарда ауданымыздың спортшылары жақсы нәтиже көрсетіп, абыройымызды көтеріп келеді.
Ұлттық спорт түрлері бойынша өткен облыстық жарыста ауданның көкпардан құрама командасы 1 орынды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді. Рамазан Махатовтың басшылығымен көкпар командасы жыл сайын жоғары нәтижеге қол жеткізіп, шеберліктерін тұрақты түрде дәлелдеп жүр.

«Солтүстік-2025» қысқы облыстық жарысында Бейсембай Онбаев, Вебер Эдуард, Талғат Рашитов хоккейден чемпион атанса, шаңғы жарысынан Мұхамед Гизатов, ал керлингтен Вибе Глеб жеңіспен оралды. Қазақ мектеп-гимназиясының дене шынықтыру мұғалімі Абзал Бралиннің шәкірттері коньки тебуден үздік нәтиже көрсетті.

«Ақбидай-2025» жазғы спорт жарысында Жұмабек Абжанов, Сания Утигенова және Әділжан Бисекеев алғаш рет шашкиден облыс чемпиондары атанды. Жеңіл атлетикадан Мадина Нұрғазы жүлделі орыннан көрінді.

«Жастар-2025» жастар облыстық жарысында еркін күрестен Дана Боранбаева, Мадина Мусина және Дильназ Айкешова жақсы нәтиже көрсетіп, аудан спортының келешегі зор екенін дәлелдеді.
Аудан әкімі спорттық жеңістер осымен шектелмей, әлі де талай жетістіктерге куә болатына сенім білдірді. Барша тұрғындарды спортпен шұғылдануға және іс-шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Спортқа қызығушылық мектеп қабырғасынан басталады. Сондықтан мектептегі дене шынықтыру мұғалімдерінің рөлі ерекше маңызды. Олар білім беріп қана қоймай, оқушылардың қабілеттерін ашуға, жетістіктерге жетуіне бағыт-бағдар береді.
Жамбыл орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімдері Мейірбек Әдікенов, Серік Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінің мұғалімі Досым Имағанбетов, Қаратал мектебінің мұғалімі Үкей Ғалы, Телжан орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі Дархан Досхалин және басқа да мұғалімдердің есімдері аталып өтті.