Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек

Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек

БҰҰ Бас Ассамблеясы мемлекеттік қызметтің қоғам үшін құндылығын, сондай-ақ, елдердің дамуына қосқан үлесін мойындай отырып, 2003 жылғы наурызда қабылданған №57/277 қарарымен 23-ші маусым күнін БҰҰ-ның Мемлекеттік қызмет күні деп жариялаған.

Мемлекеттік қызмет – бүкіл мемлекеттік жүйенің маңызды элементтерінің бірі болып табылады. Әлемдік тәжірбиеге сүйенсек, тек тиімді мемлекеттік билік қана халықтың өмір сүру деңгейін, сапасын көтеріп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше алады. Мұндай ауқымдағы міндеттерді мемлекеттік қызметкерлердің нақты іс-әрекеттері арқылы жүзеге асыруға болады. Сондықтан да, кез келген ұйымдасқан қоғамда мемлекеттік басқарусыз, демек мемлекеттік қызметшілерсіз жұмыс атқару мүмкін емес. Осы жолда адал қызмет етіп келе жатқан ұлттың қызметшісі, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Усольцев Анатолий Федоровичтің еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Ағаш өсіруші мамандығы бойынша 36 жылдан астам еңбек өтілі бар, өзі – еңбекқор, қызықты тұлға.

Анатолий ағамыз Соколов ауданы, Сумное ауылында өмірге келген. Бала жастан орманның саялы баурайында өсіп, ер жетіп, өз болашағын орман, табиғат қорғаушы мамандығымен байланыстыруға бел буды. Себебі, еліміздің баға жетпес байлығы – ол көз тартар табиғат көркі, орман мен жануарлар дүниесі, аң-құстар әлемі мен саф ауасы. Бірақ арман бірден орындалмады. 1979 жылы кенеттен басталған Ауған соғысы арманын алыстатып кетті. Аузынан ананың сүті кетпеген бозбала, сұрапыл зобалаң майдан шебіне аттанды. Анатолий Федерович жаумен талай мәрте бетпе-бет келіп, қанқұйлы соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсетіп, ел алдындағы борышын адал атқарды. 1981 жылы Ауғанстан елінен, туған өлкесіне жас азамат қатардағы сержант атағымен оралады. Кейін ағымдағы жылдың, қыркүйек айында Свердловск қаласындағы Урал Орман инженерлік институтының, орман шаруашылығы факультетіне оқуға түсіп, көздеген мақсатын жүзеге асырады.

Еңбек жолын Анатолий Федорович, Налобинск совхозында жұмысшы қызметінен бастаған. 1986 жылы Батыс Сібір орман шаруашылығы кәсіпорнында инженер, инженер-таксатор, орман шаруашылығы партиясының жетекшісі болып жұмыс атқарды. Кейін 1996-2010 жылдар аралығында бірнеше мемлекеттік мекемелерде бас орманшы, басшы болды. Ал, 2010 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы коммуналдық мекемесі басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 10 жылдан артық қызметінде, өзіне жүктелген ерекше, маңызды және күрделі міндеттерді осы күнге дейін атқаруда. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының орман шаруашылығы саласын дамытуда үлесі зор.

Ұлт қызметшісі Анатолий Федерович, жастайынан салауатты өмір салтын ұстанады. Өңірде волейбол ойынынан өткізілетін барлық спартакиядаларға қатысып, бірқатар жетістікке қол жеткізген. Сондай-ақ, балық аулауға құштар екен. Қаланың қым-қуат тірлігін бір сәтке ысырып қойып, таза ауада тыныстағанға не жетсін. Табиғат аясындағы ондай демалыс балық аулау болса, тіптен керемет. Жасы алпыстан асқан Анатолий ағамыз, алғаш рет қолына қармақты балалық шағында алыпты. Міне содан бері бұл әуеске әбден бейімденіп алған.

Анатолий Федерович сүйген жары Татьяна Николаевнамен 30 жылдан астам тату тәтті ғұмыр кешуде. Ерлі зайптылар түрлі қиындықтан бірге өтіп, қазіргі шақта сол өмірдің жемісін көруде. Бүгінде, Усольцев әулеті бір қыз екі немере тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя.

Бұл тұлғаның үлкен жұмыс тәжірбиесі, кәсіби және жеке қасиеттер, ұйымдастыру қабілеттілігі ескеріле отырып, мемлекет тарапынан сый құрметке ие болды. Мәселен, мемлекет қызметінде көп жылғы қажырлы еңбегі үшін мерекелік медальдар мен құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақстан орманын қорғаудағы мінсіз қызметі үшін» 1-дәрежелі құрмет белгісі берілді. 

СҚО әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының маманы
С. Б. Марқашева