Биыл облыс аумағында 3,5 млн дана көшет отырғызылған

Биыл облыс аумағында 3,5 млн дана көшет отырғызылған

Қазiргi күнi мемлекет тарапынан орман алқаптарын қорғау мен ағаштардың популяциясын сақтау бойынша көп көңiл бөлiнiп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзiнiң 2020-шы жылғы жолдауында жасыл желек қорын молайту арқылы көптеген экологиялық проблемаларды шешуге болатынын айтты. Осы орайда өңiрде ормандарды түрлi зиянкес жәндiктер мен өрттен қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

Бейбiт Исманов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Биыл орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргiзiлдi. Көктем мезгiлiнде көлiктер жөндеуден өттi, күзетшiлер қосымша байланыс құралдарымен қамтамасыз етiлдi. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен 207 млн теңгеге 11 өрт сөндiру көлiгi сатып алынды.

Жыл басынан берi өңiрдегi алқаптарда 223 рет өрт шыққан. Оның iшiнде 30-ы орманға лап қойған. Төтенше жағдайлардың басым бөлiгi табиғат аясында демалушылардың отты дұрыс пайдаланбауынан туындаған.

Бейбiт Исманов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Орман өртiне қатысы бар 7 адам ұсталып, 1 млн теңгеден аса шығын қайтарылды. Сонымен қатар, қауiпсiздiк ережесiне мән бермеген 60-қа жуық адам әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып, 1 млн теңге айыппұл төледi. Жалпы, жыл басынан табиғатқа залал келтiрген жандарға 212 рет әкiмшiлiк айыппұл салынған.

Сондай-ақ, өңiрдегi орман қорын молайту бойынша да жұмыс жүргiзiлiп жатыр. Биылдың өзiнде 868 гектар алқапқа 3 жарым млн дана көшет отырғызылған екен. Яғни, бұл бағыттағы бiржылдық жоспар асыра орындалған. Ендiгi меже — 2025 жылға дейiн 100 млн ағаш отырғызу.

mtrk.kz