Солтүстік Қазақстан облысының ормандарында сыған көбелегіне қарсы жерүсті химиялық өңдеу жүргізілуде

Солтүстік Қазақстан облысының ормандарында сыған көбелегіне қарсы жерүсті химиялық өңдеу жүргізілуде

2025 жылдың жаз мезгілінде мемлекеттік орман мекемелерінің мамандары Солтүстік Қазақстан облысының 6 ауданындағы орман алқаптарында ағаш діңдерінен сыған көбелегінің (жұпсыз жібек көбелек) ұшып шығуын және жұмыртқа салуын анықтады. Атап айтқанда, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл, Қызылжар, Айыртау және Шал ақын аудандарында жаңа ошақтардың пайда болуы тіркелді.

Зиянкестердің одан әрі таралу болжамын анықтау мақсатында олардың қыстап шығу кезеңіндегі тіршілік қабілетін және орман зиянкестерінің ошақтарының көлемін белгілеу үшін қосымша орманопатологиялық зерттеу жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде жалпы зақымданған аумақ көлемі 22 302,8 гектарды құрады, оның ішінде: Аққайың ауданында («Аққайың орман шаруашылығы» КММ) – 1187 гектар; Мағжан Жұмабаев ауданында («Булаев орман шаруашылығы» КММ) – 1098 гектар; Жамбыл ауданында: «Жамбыл орман шаруашылығы» КММ – 560,7 гектар; «Преснов орман шаруашылығы» КММ – 5361,1 гектар; Қызылжар ауданында: «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ – 6934,7 гектар; «Соколов орман шаруашылығы» КММ – 7079,5 гектар; Айыртау ауданында («Орлиногор орман шаруашылығы» КММ) – 12,6 гектар; Шал ақын ауданында («Сергеев орман шаруашылығы» КММ) – 69,2 гектар.

Зиянкестің таралуына жан-жақты талдау жүргізіліп, химиялық күрес шараларын ұйымдастыру бойынша ұсынымдар берілді. 2026 жылдың мамыр-маусым айларында ормандарды жерүсті химиялық өңдеу жұмыстары басталды.

Өңдеу жұмыстары «Децис Эксперт» препаратымен жүргізілуде (белсенді заты – дельтаметрин). Препарат жанасу және ішек арқылы әсер етеді, жылдам «нокдаун-әсермен» ерекшеленеді және жұлдызқұрттардың жаппай пайда болуы кезінде сенімді қорғаныс қамтамасыз етеді. Өңдеу жұмыстары жұлдызқұрттардың жаппай шығуы және олардың белсенді қоректенуі кезеңінде (мамыр – маусым айының басы) жүргізіледі.

Өңдеу жұмыстары жүргізілген кезеңде және одан кейін белгілі бір уақыт аралығында (ауа райы жағдайларына байланысты) мал жаюға, саңырауқұлақтар мен жидектер жинауға, сондай-ақ ағаш шырынын дайындауға тыйым салынады. Сонымен қатар жергілікті омарташыларды алдын ала хабардар ету қажет.

Орман шаруашылықтары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жергілікті тұрғындарға сақтық шаралары жөнінде ақпарат таратты.