Елімізде 5 қыркүйек күнінің Тілдер күні ретінде белгіленуінің тарихи және рухани маңызы зор. Бұл күн қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне сәйкес келеді.
Ол өз заманында қазақ тілінің әліпбиін түзеп, тұңғыш оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазып, тілдің ғылыми негізін қалыптастырған ұлы тұлға. Сондықтан бұл мереке – тек тіл мерекесі емес, ұлттың рухани жаңғыруының күні десек, артық айтпаған боламыз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» — деп нақты жазылған. Сонымен қатар, елімізде барлық этностардың ана тілдерін сақтауына және дамытуына толық жағдай жасалған.
Бүгінгі таңда елімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың әрқайсысының тілі мен мәдениетін сақтауына, дамытуына Қазақстан мемлекеті жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшылары жүргізіп келе жатқан тіл саясатының, бірлік пен келісімді көздеген мемлекеттік идеологияның жарқын көрінісі.
Мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде қазақ тілін білу және оны кәсіби қызметте қолдану – біздің міндетіміз әрі жауапкершілігіміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір азаматтың борышы. Мемлекеттік тілді білу – бұл тек заң талабын орындау емес, ол – отансүйгіштіктің, азаматтық жауапкершіліктің және халыққа құрметтің белгісі.
Тіл – халықтың жаны, болмысы мен рухы. Мемлекеттік тілді құрметтеу – елге деген құрмет. Біздің басты мақсатымыз – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, өзге ұлт өкілдерінің де мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасау.
Тіл мерекесі баршаңызға құтты болсын! Ел бірлігі нығайып, тіліміздің абыройы арта берсін!