Тілдер күні еліміздегі бейбітшілік пен бірліктің, тілдер арасындағы өзара құрметтің және мемлекеттік тілге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ел бірлігі мен қоғамдық келісімнің негізі – ортақ құндылықтар мен өзара түсіністік болса, солардың ең бастысы – тіл.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бұл – еліміздің ресми тілі ғана емес, оның егемендігін, ұлттық бірегейлігін білдіретін басты рәміздердің бірі.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру – Тіл саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқын көрсетілген басым бағыттардың бірі. Бұл құжатта тілдік экожүйені сақтау, қазақ тілін ғылым мен технология, бизнес пен құқық салаларында қолдану аясын кеңейту – маңызды міндет ретінде белгіленген.
Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрген әрқайсымыз үшін мемлекеттік тілді меңгеру – кәсіби міндет әрі азаматтық борыш. Бүгінгі күні мемлекеттік органдарда құжат айналымының 95%-дан астамы қазақ тілінде жүргізілуде. Бұл – үлкен жетістік. Дегенмен, бұл көрсеткішті толық 100%-ға жеткізу – ортақ мақсатымыз.
Мемлекеттік қызметкер халықпен тығыз байланыста болғандықтан, тіл мәдениетіне ерекше мән беруі қажет. Тілге құрмет – халыққа құрмет екенін естен шығармаған жөн.
Елімізде түрлі этностар өз ана тілін сақтап, дамытуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – Қазақстан халқы Ассамблеясының үйлесімді жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар, үштілділік саясаты аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгеруге жағдай жасалып келеді. Алайда бұл үдеріс мемлекеттік тілдің рөлін төмендетпеуі тиіс. Керісінше, қазақ тілі – біріктіруші күшке айналуы қажет.
Тіл – ұлттың рухани өзегі. Мемлекеттік тілді дамыту – әрбіріміздің қолымызда. Бұл жолда тек мемлекеттік бағдарламаларға ғана арқа сүйемей, әр азаматтың белсенді ұстанымы қажет. Қазақ тіліне құрмет көрсету – ұрпақ болашағына салынған даңғыл жол.