Ағаш әзірлеуге арналған дайындық

Ағаш әзірлеуге арналған дайындық

«Қызылжар орман шаруашылығы» КММ-нің мамандары  25 мамыр - 25 қазан аралығында  кеспеағаш аймағын бөлу және таксациялау бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізеді. Бұл - ағаш әзірлеуге арналған дайындық шараларының маңызды бөлігі болып есептеледі, сондай-ақ орман ресурстарын тиімді пайдалануға және ормандардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шара.

Кеспе ағаштарды бөлу – кесуге бағытталған орман учаскелерінің шекараларын жергілікті жерде анықтап белгілеу жұмыстарының кешені. Жұмыс барысында учаске шекаралары белгіленіп, кесуге бағытталған ағаштар таңбаланады және олардың таксациясы – яғни есептік және сапалық сипаттамалары айқындалады. Осылайша орман қорын материалдық,        сондай-ақ қаржы жағынан есепке алу жүзеге асырылады.

Жыл сайын ағашты түбірімен босату орман орналастыру жобалары негізінде жүзеге асырылады және басты мақсатта пайдалану, күтіп-баптау, санитариялық кесуді қамтиды. Халықтың ағашқа деген қажеттілігі мен  ормандардың экологиялық жағдайы ескеріле отырып, нақты осы кесу түрлері бойынша кеспе ағаштарды бөлу жұмыстары жүргізіледі.

Кеспе ағаштарды бөлу және орманды таксациялау жұмыстары – бұл  тек ағашпен қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар орман экожүйелері жағдайының  маңызды сақтық шарасы болып табылады. Әлсіз, ауру немесе зақымданған ағаштарды уақтылы анықтау - зиянкестер мен аурулардың таралу қаупін азайтуға, сондай-ақ орман өрттерінің алдын алуға мүмкіндік береді.

«Қызылжар орман шаруашылығы» КММ аудан тұрғындарын баға жетпес байлығымызды барша қоғам болып қорғап түсіністікпен қарауға шақырады: бұл өткізілетін іс-шаралар ормандарды сақтауға және оларды тұрақты пайдалануға бағытталған.

«Қызылжар орман шаруашылығы» КММ