Бүгін, 14 наурызда Петропавл қаласында атақты батыр қолбасшы, ақын Қожаберген жырау Толыбайұлы атындағы республикалық турнир басталды. Аталған дода екі күнге созылады. (14-15 наурыз)
Жарысқа еліміздің 10 аймағынан және Солтүстік қазақстан облысынан 320 спортшы қатысып жатыр. Спортшылар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайтын болады. Біздің өңірдің намысын Есіл, Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Аққайың және Ақжар аудандарының, сондай-ақ Қажымұқан атындағы Облыстық ұлттық спорт түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балуандары қорғайтын болады.
Жарысты салтанатты түрде СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділхан Сағындықов ашты. Оның ашылуына облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Алтынбек Сапаров, федерацияның вице-президенті Марлен Құсқамбасов, сондай-ақ спорт ардагерлері секілді құрметті қонақтар қатысты.
Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының чемпионатында жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылар назардан тыс қалмады. Облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Алтынбек Сапаровтың атынан екінші орын алған Аслан Кәкішев және қола жүлдегер атанған Санжар Мүсет марапатталды. Оларға құрмет грамоталары мен спорттық киімдер табысталды.
Жарыстың алғашқы күні балуандар 38, 46, 55, 65 және 75 келі салмақ дәрежелері бойынша күресті. Кешке марапаттау рәсімі өтеді.
Қожаберген Жырау — атақты қолбасшы, шежіреші, жырау, ақын. Оның есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылған. Ал, «Елім-ай» дастаны болса батырлыққа, намысқойлық пен бірлікке үндейді. Бүгінгі дода – жай ғана спорттық сайыс емес, ұлы жыраудың рухына тағзым, өнеріне көрсетілген құрмет!