Жарайсың, Варя!

Жарайсың, Варя!

Петропавлдық Варвара Глухова наурыздың 1 мен 3-і аралығында Ресейдің Кемерово қаласында өткен «Азия балалары» ii қысқы ойындарының чемпионатында алтыннан алқа тақты. Конькимен жүгіруден бағын сынаған 14 жастағы жерлесіміздің бұл алғашқы халықаралық додасы.

Варвара Глухова конькимен жүгіру спортымен 10 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін де түрлі жарыстарда СҚның намысын қорғаған бойжеткен спорт шеберіне үміткер. Кемеровода өткен Азия Чемпионатына ол 4 айға жуық қызу дайындалған. Жаттығудың басым бөлігі Астана қаласында өткен. Дүбірлі додада Варвара 4 минут 58 секундта 3 мың метрді конькимен жүгіріп өтті. Бұл көрсеткіш қыздың жеке рекорды. Осылайша қарсыларстарынан басым түсіп, халықаралық аренада алтыннан алқа тақты.

Жалпы, байрақты бәсекеде Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения және Қазақстан сынды мемлекеттерден 14-15 жас аралығыныдағы жас спортшылар бақ сыңады. Варвара Глухованың жаттықтырушысы Ольга Ихтендристің сөзінше, қарсыластар жақсы дайындықпен келген. Алайда, Варвара бар күш-жігерін қолына жинап, бірінші орынға табан тіреді.

Енді Варвара Глухова 2024-ші жылы Корея елінде өтетін жастар олимпиадасы ойындарына қатыспақ.