Раисовкада жаңа хоккей корты ашылды

Раисовкада жаңа хоккей корты ашылды

Облыс әкiмi Құмар Ақсақалов әлеуметтiк желiдегi парақшасында жазғандай, Ғ.Мүсiрепов ауданындағы Раисовка ауылының тұрғындары үшiн үлкен спорттық оқиға. Ауылда бюджет есебiнен жаңа хоккей корты ашылды.

— Жаңа спорт нысаны осы ауылдың дамыған инфрақұрылымын толықтыра түстi. Раисовка үлгiлi ауылдардың қатарында, оған жергiлiктi диқан Владимир Коваленконың еңбегi зор. Өткен жылы корт салу туралы шешiм қабылданғанда Владимир Коваленко екеумiз ашылуға хоккей ардагерлерiмен бiрге келiп, жолдастық кездесу өткiземiз деп келiстiк, — дейдi өңiр басшысы.

Бұл облыста 2 жылда салынған бесiншi хоккей кешенi. Жуырда Тимирязево ауылында хоккей корты ашылды. Жақын жерде жаңа спорттық-сауықтыру орталығын салып жатырмыз. Облыста барлығы 5 спорттық-сауықтыру орталығының құрылысы жалғасуда. Биыл облыста 42 спорт нысаны салынды, атап айтсақ шағын футбол, баскетбол және волейбол алаңдары, жаттығу алаңқайлары. 2022 жылы тағы 6 хоккей кортының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз.