Дарья Назарова – Әлем Кубогінің және Әлем Чемпионатының жеңімпазы

Дарья Назарова – Әлем Кубогінің және Әлем Чемпионатының жеңімпазы

Желтоқсанның 14-і мен 19-ы аралығында Минск қаласында таэквондодан әлем кубогы өтті. Байрақты бәсекеге ел намысын қорғауға өңірден 16 жасар Дарья Назарова аттанып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Халықаралық сайысқа 31 елден 800-ден астам спортшы қатысқан болатын. Әлем кубогының иегерін туған-туыстары мен спортшылар теміржол вокзалында салтанатты түрде қарсы алды.

Дарья Назарова 5 жасына дейін бимен айналысқан. Кейін оны тастап, таэкводаға келген. Жас спортшы алғашқы жеңісіне 9 жасында қол жеткізді. Сол кезде ол Әлем кубогын жеңіп алды.

ТАТЬЯНА НАЗАРОВА, ДАРЬЯНЫҢ АНАСЫ:

— «6 жасынан бастап дүбірлі додаларға қатыса бастады. Негізінен қызым тек алтын медальдарды ҒАНА АЛЫП келе жатыр. Ол Қазақстан чемпионатында бірінші орыннан көрінді. Енді міне Әлем кубогында асығы алшысынан түсті. Қуанышымызда шек жоқ. Тек қана сәттілік тілеймін.»

ВЛАДИМИР ХВАН, ТАЭКВОНДОДАН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ:

«Дарья қыздар арасында Қазақстан бойынша алғашқы алтын алған спортшы. Біз қатысқан барлық әлем чемпионаттарында да жеңіске жетті. Өте мықты саңлақтардың бірі. Жақсы өнер көрсетті. Өте қуаныштымын.»

Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үшінші орыннан көрінген. Ал Дарья сайыс барысында 4 қарсыласын тізе бүктірді.

ДАРЬЯ НАЗАРОВА, ТАЭКВОНДОДАН ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

«Жарыс қиынға соқты. Барлық спортшылар жақсы дайындықпен келген. Әлем кубогында ешкім де жеңілгісі келмейді. Алайда осы жолы менің айым оңынан туып, қоржынға алтын медаль салдым. Барлық жаттықтырушыларыма ерекше алғысымды білдеремін. Бапкерлерімнің арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын.»

Дарьяның алар асулары әлі алда. Жас спортшы наурыз айында өтетін Еуропа чемпионатына қатыспақ ниетте. Оған дайындықты қазірден бастамақшы.