«Ринг патшасы-2021»

«Ринг патшасы-2021»

30 тамызда Петропавл қаласының А. Винокуров Спорт сарайында 35 жастан асқан ардагерлер арасында бокстан дәстүрлi халықаралық «Ринг патшасы-2021» турнирiнiң ақтық жекпе-жегi өттi. Жарысты ұйымдастырушылар осы турнирдi ҚР Конституциясы күнiне және ҚР Тәуелсiздiгiнiң 30 жылдығына арнады.

Финалдық кезеңге Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Темiртау, Павлодар, Петропавл, сондай-ақ Омбы (Ресей Федерациясы) және Бiшкек (Қырғызстан) қалаларынан 25 боксшы өттi.

Дәстүр бойынша «Ринг патшасының» ақтық жекпе-жегi айқын, әсерлi болды. КСРО-ның еңбек сiңiрген спорт шеберi, Әлем Кубогының күмiс жүлдегерi (1983 жылы), Еуропа чемпионы (1983 жылы), КСРО-ның бiрнеше дүркiн чемпионы, алпыс бiр жасар Серiк Нұрқазов және қырғыздық бокс ардагерi, елу жетi жасар Абдулахат Турды-оглы қатысқан жекпе-жек көрермендi тәнтi еттi. Серiк Төкенұлы бұрынғы жылдары турнирге құрметтi қонақ ретiнде келген, ал биыл рингке шығып, бокс жанкүйерлерiн қуантты. Абдулахат Турды-оглы да жарыстың тұрақты қатысушысы. Екi боксшы да өздерiнiң керемет дене бiтiмi мен техникасын көрсете бiлдi. Бұл спортқа деген сүйiспеншiлiк пен адалдықтың лайықты үлгiсi емес пе?

63 келiге дейiнгi салмақ дәрежесiнде ҚР спорт шеберi, ҚР чемпионы (2005 ж.), студенттер арасындағы әлем чемпионы (2006 ж.) көкшетаулық Андрей Спиридоновпен халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, Қазақстанның үш дүркiн чемпионы, әскери қызметшiлер арасындағы әлем чемпионы, Әлем кубогының жүлдегерi, Афинадағы Олимпиада ойындарының қатысушысы Нұр-Сұлтан қаласынан келген Миржан Рахымжанов ақтық жекпе-жекте жеңiске жеттi. Қола медальдi Нұр-Сұлтан қаласынан келген Халиолла Бегенов жеңiп алды.

69 келiге дейiнгi салмақта алтын медаль мен «Ринг патшасы-2021» белдiгiн халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, ақтық сайыста солтүстiкқазақстандық Мақсат Әбiлбошаровты жеңген ресейлiк Зинат Жандыбаев иелендi. «Қола» бұл салмақта Нұр-Сұлтан қаласынан келген Жеңiс Нұрғожинде. Тағы бiр астаналық боксшы Нұрлан Мұсабаев 75 келiге дейiнгi салмақ дәрежесiнде «қола» жеңiп алды, ал осы салмақтағы ринг патшасы болып турнир тарихында үшiншi рет жерлесi Василий Куликовты жеңiп алған қарағандылық Қуаныш Исембаев танылды. Олардың командаласы Тимур Байсеркеев 81 келiге дейiнгi салмақ дәрежесiнде турнирдiң жеңiмпазы атанды. «Күмiс» солтүстiкқазақстандық Асылбек Кокушевте, ал «қола» алматылық Ерлан Әмiрхановта.

Ауыр салмақтағы (91 келiден астам) ең тартысты жекпе-жекте алматылық Аслан Тәжi жеңiске жеттi. Ардагерлер арасындағы турнирдiң бiрнеше мәрте қатысушысы қарағандылық Владимир Мальцев күмiс медальға ие болды. Павлодарлық Әскербек Мұстафин «қола» жүлдесiн иелендi.