«Қызылжар барысы-2021»

«Қызылжар барысы-2021»

Петропавл қаласының А.Винокуров Спорт сарайында қазақ күресiнен «Қызылжар барысы» облыстық оныншы турнирi өттi.

Бұл жолы жалғыз ғана 90 килограмнан астам салмақ дәрежесiнде «Қызылжар барысы» титулы мен «Қазақстан барысы» республикалық турнирiнде өңiр намысын қорғау құқығына облыстың он үш ауданы мен Петропавл қаласының отызға жуық палуаны күш салысты.

Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Ғани Нығыметов жарыс қонақтары мен қатысушыларын үлкен спорт мерекесi және Отан қорғаушылар күнiмен құттықтады. Оның айтуынша, өңiрде ұлттық спорт түрлерi, соның iшiнде қазақ күресi жақсы дамып келедi. Бұл күрес түрiмен екi мыңнан астам солтүстiкқазақстандықтар және осы санның жартысы — облыстың он үш балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiнiң ұлттық күрес секцияларындағы балалар мен жасөспiрiмдер айналысады.

2018 жылы Петропавл қаласында «Қызылжар арландары» кәсiби клубы ашылғаннан кейiн қазақ күресiнiң дамуына зор ықпал жасалды. Осындай қысқа мерзiм iшiнде клуб қазақ күресiнен Қазақстан кубогының екi мәрте жүлдегерi, ал 2019 жылы конфедерациялар Кубогының иегерi атанып, республикадағы ең мықтылардың үштiгiне ендi. Клуб мүшелерi, халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, қазақ күресiнен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы-2014» титулының иегерi Мұхит Тұрсынов және ҚР спорт шеберi, қазақ күресiнен 2019 жылғы ҚР чемпионатының жүлдегерi Алтынбек Аусағитовтың есiмдерi кеңiнен танымал. Осы екi балуан да 2019 жылы «Қызылжар барысы» чемпионы титулына күш салысты. Сол кезде Мұхит Тұрсынов өзiнiң командаласына мүмкiндiк бермедi. Бұл жолы финалда Тұрсынов Аусағитовтан басым түстi. Мұхит Тұрсынов «Қызылжар барысы-2021» алтын белбеуiн иелендi. Сондай-ақ, оған 500 000 теңге сомасына сертификат берiлдi. Турнирдiң күмiс медалi және 300 000 теңге сомасындағы сертификат Алтынбек Аусағитовқа берiлдi. «Қола» және 200 000 теңге сомасындағы сертификат Қызылжар ауданының палуаны Әлiбек Ғосмановқа табыс етiлдi.