Атақты жерлесмiздiң құрметiне

Атақты жерлесмiздiң құрметiне

Петропавлдағы “Жеңiс” балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiнде жерлесiмiз, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң генерал-лейтенанты Абай Тасболатовтың құрметiне белбеу күресiнен ел чемпионаты өттi.

Жерлесiмiз, Парламент Мәжiлiсiнiң бұрынғы депутаты, әскери ғылымдар академиясының президентi, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абай Бөлекбайұлы Тасболатов — ұлттық спорттың нағыз жанашыры. 2016 жылдан берi елiмiздегi белбеу күресi қауымдастығының президентi ретiнде аталмыш спорт түрiнiң дамуына өзiндiк үлесiн қосуда.

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкiмiнiң орынбасары Ғани Нығыметов барша спортсүйер қауымды өңiр басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан чемпионаттың басталуымен құттықтады.

— Соңғы жылдары бiздiң өңiрiмiзде саламатты өмiр салтын қалыптастыру iсiне көп көңiл бөлiнiп келедi. Жыл сайын Петропавл қаласы мен аудандарда спорттық нысандар салынуда. Әсiресе, ұлттық спорт түрлерiне басымдық берiлiп, жерлестерiмiз республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрiнуде. Жерлесiмiз, генарал-лейтенант Абай Бөлекбайұлының құрметiне ұйымдастырылған бiрiншiлiктiң қатысушыларына сәттiлiк тiлеймiн, — дедi Ғани Сақтағанұлы.

Облыстық жауынгерлiк өнер қауымдастығының президентi Азат Каримуллин мен спорт ардагерi, облысымыздың құрметтi азаматы Жамбыл Тасеменов жарыстың маңыздылығын атап өттi. Чемпионаттың ашылуына арнайы келген Абай Тасболатов жарысты ұйымдастырушыларға, балуандарға, көрермендерге шынайы ризашылығын бiлдiрдi. Белбеу күресi спорт түрi ретiнде әлемнiң 60 мемлекетiнде мойындалғанын, Азия, Еуропа және әлем чемпионаттары өткiзiлетiнiн, 2013 жылы Қазан қаласында өткен студенттер арасындағы Бүкiләлемдiк универсиадада отандық спортшылар аталмыш спорт түрiнен 2 күмiс, 3 қола медаль иеленгенiн айтты. Белбеу күресi бiздiң елiмiзде де қарыштап дамып келедi. 2005 жылы белбеу күресi федерациясы құрылған. Он үш өңiрде арнайы секциялар ұйымдастырылған. Жиырмадан астам халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, жүз шақты Қазақстанның спорт шеберi дайындалған.

Чемпионатқа он облыстан және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан келген 200-ге жуық балуан қатысты. 2006-2008 жылдары туған спортшылар екi күн бойы 12 салмақ дәрежесiнде кiл мықтыларды анықтады.