Жарқын жеңiстер

Жарқын жеңiстер

Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайында баскетболдан жоғары лига командалары арасындағы XXVIII ел бiрiншiлiгiнде топ жарған «Барс» баскетбол клубы және волейболдан әйелдер арасындағы Ұлттық лига ойындарында үшiншi орынға табан тiреген жергiлiктi «Қуаныш» клубының спортшыларын марапаттау салтанаты өттi. Бұл — облыс тарихында бұрын болмаған айтулы жеңiстер.

Солтүстiкқазақстандық спортшыларға облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың құттықтауын жеткiзген орынбасары Ғани Нығыметов Қызылжар өңiрiнде дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңiл бөлiнiп, тұрғындар арасында саламатты өмiр салтын насихаттау бойынша белсендi жұмыс жүргiзiлiп жатқанын атап өттi.

 — Бiз спортшыларымыздан жоғары нәтиже күткен едiк. Абырой болғанда, сол үмiтiмiз ақталды. Сiздер жарқын жеңiске жетiп, облысымыздың атын шығардыңыздар. Бұл — кез келген командаға бағына бермейтiн айшықты белестер. Ендi осы көрсеткiштердi сақтап, алдағы уақытта бұдан да биiктерден көрiнуге тиiспiз. Бұл жеңiстерiңiзбен өскелең ұрпаққа, жас спортшыларға жақсы үлгi көрсеттiңiздер. Ел бiрiншiлiгiнде үздiктердiң қатарынан көрiне бiлген қос ұжымды жүлделерiмен құттықтаймын! Жерлестерiмiз алдағы маусымда сәттi өнер көрсететiнiне сенiмдiмiн, — дедi Ғани Сақтағанұлы.

Өткен маусымда қос клубтың спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай жетiстiктерге қол жеткiздi. Атап айтқанда, «Барс» клубы Солтүстiк Қазақстан баскетболы тарихында алғаш рет ел чемпионы атанды. Петропавлдық ұжым чемпионаттағы 24 ойынның 21-iнде жеңiске жеттi. Бұл солтүстiкқазақстандық команда тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже. Команда өкiлi Максим Налогов бiрiншiлiктiң ең үздiк спортшыларының бiрi атанды.

2009 жылы құрылған «Қуаныш» волейбол омандасының биылғы Ұлттық лига ойындарындағы қадамы сәттi болды. Қыздар үшiншi орын үшiн өткен соңғы кездесуде алматылық ұжымнан басым түстi. Осылайша, жерлестерiмiз тұңғыш рет Ұлттық лиганың қола жүлдегерi атанды.

Салтанатты шарада қос команданың басшылары мен ойыншылары жарыс кезiнде қолдау бiлдiрген облыс басшылығына және жанкүйерлерге алғысын айтты. «Қуаныш» волейбол клубының жетекшiсi Қайырбек Хамзин бүгiнгi жүлде 12 жылғы еңбектiң жемiсi екенiн тiлге тиек еттi. Тимирязев ауданыныда негiзi қаланған клуб жергiлiктi бапкерлермен қоян-қолтық жұмыс iстейдi. Болашағынан үмiт күттiретiн балғын спортшылардың арасында бiр де бiр легионер жоқ.