Жабық мұз айдыны пайдалануға берiлдi

Жабық мұз айдыны пайдалануға берiлдi

10 наурыз күнi облыс әкiмi Құмар Ақсақалов жұмыс бабымен Мағжан Жұмабаев ауданына келiп, бiрқатар нысандарды аралады. Өңiр басшысы Булаев қаласында бой көтерген жабық мұз айдынын салтанатты түрде ашты. Облыстық бюджеттiң жалпы құны 84,3 млн. теңге сомасына салынған спорт нысанында ендi мағжандықтар шайбалы хоккей ойындарын өткiзiп, толыққанды жаттыға алады. Ол үшiн үлкен мұз айдынымен бiрге, екi жылытылған киiм шешетiн орын, санитарлық торап, кабинеттер және тағы да басқа құрылғылар жайластырылған.

— Бiрнеше жыл бұрын бiз облыста алғашқылардың бiрi болып Батыр Баян атындағы спорт кешенiн салған едiк. Ендi, мiне, жабық мұз айдыны пайдалануға берiлiп отыр. Осының бәрi жастардың салауатты өмiр салтын ұстанып, дене шынықтырумен және спортпен емiн-еркiн айналысуы үшiн жасалынып жатыр. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өскелең ұрпақтың денi сау болуы үшiн әртүрлi спортпен айналысу қажеттiгiн айтқан болатын. Мiне, бiз осы бағытты берiк ұстанып, аудан орталықтарында футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс, шайбалы хоккей сияқты көптеген спорт түрлерiнен толыққанды облыс жарыстарын өткiзуге тырысып жатырмыз. Кез келген спорт жарысы, қарапайым адамдар үшiн ғана емес, сонымен қатар, өсiп келе жатқан балалар үшiн үлкен мерекеге айналуы тиiс. Осылайша, бiз салауатты, денi сау, бiлiмдi, болашаққа сенiммен қарайтын жастар тәрбиелеп, елiмiздiң дамуына сүбелi үлес қосамыз деген үмiттемiн, — дедi облыс әкiмi жиналған жастар алдында.