Сергей Кручина

Сергей Кручина

Аты аңызға айналған тұлғалардың бiрi — велоспорттан Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген жаттықтырушысы Сергей Иванович Кручина. Ол 1959 жылы 8 тамызда Петропавл қаласында дүниеге келдi.

1980 жылы Петропавл педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетiн бiтiрiп, «Еңбек резервтерi» ЖҚҚ Солтүстiк Қазақстан облыстық кеңесiне жiберiлдi, онда ол велоспорттан жаттықтырушы-оқытушы болып жұмыс iстей бастады. Кеңес Әскерi қатарындағы қызметiнен кейiн (1980-83жж.) Бескөл БЖСМ-де велоспорттан жаттықтырушы (1983-89жж.), облыстық спорт комитетiнiң БЖСМ-де (1989-90жж.), «Динамо» облыстық кеңесiнде (1991-98жж.), велосипед спортынан ОРМБЖМ-де аға жаттықтырушы-оқытушы (1998-2008жж.) болып жұмыс iстедi. СҚО жоғары спорт шеберлiгi мектебiнде велосипед спортынан аға жаттықтырушы-оқытушы болып қызмет атқарды.

Ол ҚР Еңбек сiңiрген спорт шеберi, олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың алғашқы жаттықтырушысы. Жұмыс iстеген жылдары өзiн сауатты, талапшыл маман ретiнде көрсеттi. ҚР он Спорт шеберiн, ҚР халықаралық дәрежедегi үш Спорт шеберiн дайындады. Кручинаның тәрбиеленушiлерi арасында КСРО бiрiншiлiгiнiң қола жүлдегерi (1989ж.) В. Сизиков, КСРО оқушылар спартакиадасының чемпионы (1990ж.) А.Мартынович, Азия ойындарының күмiс жүлдегерi (1994ж.) А. Надобенко болды. Оның басшылығымен велоспорттан облыстың құрама командасы көп жылдар бойы республикада жетекшi орынға ие болып, халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетiп келедi.

Сергей Иванович жұмыстағы әрiптестерi мен спортшылар арасында үлкен беделге ие. Салауатты өмiр салтын ұстанып, шаңғымен жүру, балық аулаумен әуестенедi.