18 тамызда Солтүстік Қазақстан облысында Спорт күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынға спорт ұйымдарының басшылары мен директорлары, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері, спортшылар, спорт қоғамдастығының өкілдері және сала мамандары қатысты.
Мерекелік іс-шараның басты бөлігі салтанатты марапаттау рәсіміне арналды. Жоғары спорттық жетістіктері, кәсіби шеберлігі, көпжылдық еңбегі және дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін спорт ардагерлері мен сала өкілдеріне құрмет көрсетілді.
Бүгінде облыста бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға барлық жағдай жасалуда. 227 мыңнан астам солтүстікқазақстандық дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Өңірде 2 197 спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл сайын 1 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оларға 230 мыңнан астам адам қамтылады.
Балалар мен жасөспірімдер спортына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыста балалар-жасөспірімдер спорт мектептері, Олимпиада резервін даярлау орталығы, олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, спорт және аула клубтары жұмыс істейді.
Өңір спортшылары да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының сапында 357 солтүстікқазақстандық спортшы бар. Тек биылдың өзінде олар 548 медаль, оның ішінде 198 алтын медаль жеңіп алды.
Ербол Хамитов, Кристина Шумекова, Ислам Евлоев, Анна Стратан, Жігер Еркінұлы, Мансур Бейсембай, Владислав Чечета, Арман Темирбулатов және басқа да спортшылар Солтүстік Қазақстан облысының намысын республикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүр.
Іс-шара барысында спортшылармен қатар жаттықтырушылардың, тәлімгерлердің, спорт ардагерлері мен сала мамандарының еңбегі де атап өтілді. Олардың күнделікті қажырлы еңбегі жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге және өңір спортының дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Спорт күні өңірдің спорт саласындағы жетістіктерін атап өтіп, дене шынықтыру мен спортты дамытуға үлес қосып жүрген барша азаматтарға алғыс білдіретін маңызды мерекеге айналды.