Петропавл қаласында өткен «Qyzyljar Sabantui – 2026» халықаралық фестивалі аясында Қазақстан мен Ресей Федерациясының (Татарстан Республикасы) үздік балуандары қатысқан ұлттық «Корэш» белбеу күресінен халықаралық турнир өтті.
Жарысқа Қазақстан мен Ресейден келген 100 балуан қатысып, 8 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Турнирдің басты тартысы абсолюттік салмақ дәрежесінде өтіп, онда «Батыр» құрметті атағы мен жарыстың бас жүлдесі ойнатылды.
Абсолюттік салмақ дәрежесінде Қостанай облысының өкілі Талғат Жиентаев жеңімпаз атанды. Финалда ол Ресейден келген қарсыласын жеңіп, турнирдің бас жүлдесі Lada Granta автокөлігін иеленді.
Турнирге Татарстан Республикасының балуандары да белсенді қатысып, жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетті. Халықаралық дода тартысты белдесулерге толы болып, көрермендерге ұлттық спорттың көркемдігін паш етті.
«Qyzyljar Sabantui – 2026» фестивалі аясында өткен турнир ұлттық дәстүрді, күш пен қайсарлықты дәріптеп қана қоймай, Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтты.