«Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасында Есіл ауданы жеңіске жетті

«Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасында Есіл ауданы жеңіске жетті

Есіл ауданының Явленка ауылында ұлттық спорт түрлерінен дәстүрлі «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасы өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған ауқымды спорттық додаға Солтүстік Қазақстан облысының 13 ауданынан 700-ге жуық спортшы қатысты.

Спартакиада ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге, мәдени мұраны сақтауға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды шараға айналды.

Жарыс бағдарламасына ұлттық спорттың тоғыз түрі енгізілді: теңге алу, аударыспақ, көкпар, бәйге, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, бес тас, асық ату және садақ ату. Төрт күн бойы спортшылар жоғары дайындық деңгейін, күш-жігері мен шеберлігін көрсетіп, тартысты әрі әділ бәсекеде бақ сынасты.

Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша «Қызылжар–2026» облыстық спартакиадасының жеңімпазы атанған Есіл ауданы болды. Екінші орынды Шал ақын ауданы иеленсе, үшінші орын Ақжар ауданының еншісіне бұйырды.