Солтүстік Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов — Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері және ұлттық құраманың көшбасшысы

Солтүстік Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов — Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері және ұлттық құраманың көшбасшысы

Солтүстік Қазақстан облысының парабиатлоншысы Ербол Хамитов Германияда өткен Әлем кубогының екі кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, халықаралық аренада жоғары дайындық деңгейі мен тұрақты нәтижелерін көрсетті.

Алғашқы кезеңде спортшы LW12 санатында 7,5 шақырымдық спринт жарысында қола медаль жеңіп алып, мәреге үшінші болып жетті. Әлем кубогының екінші кезеңінде Ербол Хамитов өз нәтижесін жақсартып, 0,9 шақырым қашықтықтағы жарыста күміс жүлдеге ие болып, екінші орын алды.

Бұл жарыстар XIV қысқы Паралимпиада ойындарына 2026 жылы өтетін басты додаға дайындықтың маңызды бөлігі саналады. Алда спортшыны Польшада өтетін Әлем кубогының тағы екі кезеңі күтіп тұр.

2025 жылдың басында Ербол Хамитов Әлем кубогының жалпы есебі бойынша Үлкен хрусталь глобусты жеңіп алып, әлемдік парабиатлон тарихына өз есімін жазды. Бұл жетістік оның ұлттық құраманың көшбасшысы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары шаңғы жарысы мен биатлон түрлері бойынша 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарына 8 лицензия жеңіп алды. Ұлттық құраманың сапында ел намысын Ербол Хамитов, Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Владислав Кобаль және Денис Зинов қорғайды.

Басты халықаралық жарыстарға сапалы дайындық жүргізу үшін спортшылар барлық қажетті спорттық құрал-жабдықтармен және толыққанды оқу-жаттығу жағдайларымен қамтамасыз етілген.