Петропавлда жаңа «Жас Өркен» мұз сарайының салтанатты ашылуы өтті. Заманауи спорттық кешеннің құрылысы 2025 жылдың қаңтарында басталып, сол жылдың желтоқсанында аяқталды. Ғимараттың жалпы аумағы 6425,33 м². Кешен құрамына трибуналары бар мұз аренасы, 25 метрлік жүзу бассейні және командалық спорт түрлеріне арналған әмбебап ойын залы кіреді.
Жаңа нысан бұқаралық спортты дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға және болашақ чемпиондарды даярлауға бағытталған. 2026 жылдың қаңтарында бассейн базасында су добынан секция және балаларға арналған бастапқы дайындық топтары ашылады. Бұл жас спортшыларға жаңа олимпиадалық спорт түрін меңгеруге, жаттығу мен жарыстардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ өңірде су добын дамытуға серпін береді.
Ашу рәсіміне облыстың спорт қауымдастығының өкілдері, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысты. Құттықтау сөздерін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Руслан Бақытұлы Есеналин, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Олег Владимирович Болякин, Су спорттары федерациясының бас хатшысы Дмитрий Игоревич Баландин және облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Бауыржан Ниязұлы Құлжанов айтты. Ресми бөлімнен кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Қонақтар үшін мазмұнды спорттық бағдарлама ұйымдастырылды: жас мәнерлеп сырғанаушылардың өнері, хоккей мен шорт-трек бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ «Құлагер» және Омбы қаласының «Авангард» балалар хоккей академиялары арасындағы жолдастық матч. Шайбаның символикалық тасталуын облыс әкімі іске асырып, бұл жаңа мұз сарайының ашылуындағы маңызды сәт болды.
Өңірде спортты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. 2025 жылы облыста хоккей корттары, ФОК-тар және мини-футбол алаңдары сияқты 40 жаңа спорт нысаны ашылды, бұл тұрақты түрде спортпен шұғылданатын тұрғындар санын 225 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді. «Қарасай» стадионының реконструкциясының екінші кезеңі аяқталып, енді ол УЕФА стандарттарына сай келеді және еуропалық деңгейдегі матчтарды қабылдай алады.
Өңірдің ерекше мақтанышы — спортшы Кристина Шумекова. Ол Италияда өткен Әлем кубогының кезеңінде үш алтын медаль жеңіп алып, қазақстандық спорттың халықаралық аренадағы жоғары деңгейін дәлелдеді.
Бүгінде су добы Қазақстанда он облыста және екі қалада: Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында белсенді дамуда. Жыл сайын ҚР кубогы және ересектер командалары арасындағы тұрақты чемпионат өткізіледі. Петропавлда су добынан секцияның ашылуы бұл спорт түрін Солтүстік Қазақстанда кеңінен насихаттаудың маңызды қадамы болмақ.
«Жас Өркен» мұз сарайы балалар, жастар және барлық спорт сүйер қауым үшін жаңа тартылыс орталығына айналады. Мұнда болашақ чемпиондар қалыптасып, мінез шынығып, жеңіс рухы тәрбиеленеді. Жаңа спорт кешені өңір жастарына хоккей, жүзу және командалық спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріп, су добынан секцияның ашылуы олимпиадалық бағыттың дамуын нығайтады.
Жаңа спорт нысаны жаттығу мен жарыстар өткізу мүмкіндіктерін кеңейтумен қатар, салауатты өмір салтын насихаттауға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және Солтүстік Қазақстан облысының спорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. «Жас Өркен» — жаңа рекордтар, жеңістер мен спорттық жетістіктер дүниеге келетін орын.
