Нұрғали Тұрсынғазиев Түркістанда өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында СҚО намысын абыроймен қорғады

Нұрғали Тұрсынғазиев Түркістанда өткен қазақ күресінен Азия чемпионатында СҚО намысын абыроймен қорғады

Түркістан қаласында өткен қазақ күресінен Азия чемпионаты құрлықтың ең мықты балуандарын жинады. Онда түрлі елдерден келген спортшылар күш сынасып, сайыс барысында нағыз ерік-жігер мен рух биіктігін көрсетті.

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Солтүстік Қазақстан облысының намысын «Қызылжар арландары» клубының өкілі — Нұрғали Тұрсынғазиев қорғады. Жас әрі мақсатшыл балуан сенімді әрі шебер күрес көрсете отырып, финалға дейін сәтті жетті.

Жолында ол Ресей, Өзбекстан және Үндістан спортшыларын айқын басымдықпен жеңіп, жоғары техникалық дайындық пен тактикалық сауаттылық танытты. Финалда Нұрғали Қырғызстан балуанымен кездесті. Тартысты өткен шешуші белдесуде ол мінез бен табандылық көрсетіп, Азияның үздік балуандарының қатарынан көрінді.

«Қызылжар арландары» клубының директоры Алтынбек Селіханұлы Аусагитов жетекшілік ететін ұжым соңғы жылдары өңір спортын дамыту мен жас балуандарды тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

Нұрғали Тұрсынғазиевтің бұл жетістігі — Солтүстік Қазақстан облысы үшін үлкен мақтаныш. Ол тек жеңіс үшін емес, туған жерінің абыройы үшін күресіп, қазақ күресінің рухын жоғары деңгейде таныта білді.

Нұрғали Тұрсынғазиев — еңбегімен, табандылығымен және отаншыл рухымен жас спортшыларға үлгі болар тұлға.