Наталья Богданованың есімі бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс елдерде де жаңғырып тұр. Солтүстік Қазақстаннан шыққан спортшы Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, бокстың тарихына есімін алтын әріптермен жазды. 70 келіге дейінгі салмақта ол финалда австралиялық Лекейша Перголитиді сенімді түрде ұтып, қазақстандық бокс мектебінің жоғары деңгейін дәлелдеді.
Туған жерінде чемпионды ерекше құрметпен қарсы алды. Петропавлда өткен салтанатты шарада Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Натальяға жаңа автокөліктің кілтін, ал оның жаттықтырушысы Дастан Қабденовке қаржылай сертификат табыс етті.
«Наталья Богданова Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде танытты. Біз бәріміз оған жанкүйер болдық, және ол мықты қарсыластарын жеңе алатынын дәлелдеді. Осы орайда тек Натальяға ғана емес, оның жаттықтырушысы Дастан Қабденовке де алғыс білдіргім келеді. Ортақ еңбек пен табандылықтың арқасында бүгін олар тек біздің өңірдің ғана емес, бүкіл елдің спорт беделін көтеріп отыр», — деді өңір басшысы.
Натальяның өмір жолы – жігер мен табандылықтың айқын үлгісі. Ол қарапайым отбасынан шығып, шағын спорт залында жаттығып өсті. Күн сайынғы еңбектің, тәртіптің және жаттықтырушысының қолдауының арқасында аймақтық турнирлерден әлемдік тұғырға дейінгі жолды еңсерді.
Бүгінде Наталья өз үлгісімен мыңдаған жас қазақстандықтарға шабыт беріп, алдағы жоспарымен бөлісті:
«Менің арманым – Олимпиада чемпионы болу. Ол үшін көп еңбектенуге тура келеді. Алдымызда – Азия ойындары, одан кейін лицензия алатын әлем чемпионаты. Содан соң Олимпиадаға тыңғылықты дайындықты бастаймын. Егер табанды болып, көп жаттықсам, өз мақсатыме міндетті түрде жетемін деп сенемін».
Бұл сөздер уәде де, серт те іспетті естілді. Наталья Богданова Қазақстанға әлем чемпионатының алтын медалін сыйлады, ендігі арманы – Олимпиада алтыны. Солтүстік Қазақстан өз чемпион қызының жаңа биіктерді бағындыратынына сенімді.