СКО-дан шыққан алғашқы әлем чемпионы, алтын медаль иегері Наталья Богданова елге оралды

СКО-дан шыққан алғашқы әлем чемпионы, алтын медаль иегері Наталья Богданова елге оралды

Петропавл әуежайында Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан алғашқы әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионы Наталья Богданованы салтанатты түрде қарсы алды. Спортшы Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында 70 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль иегері атанды.

Әуежай мерекелік алаңға айналды: жанкүйерлер, бапкерлер, туған-туыстары мен достары чемпионды құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады, қол шапалақтап, оның есімін атап шақырды.

Әлем чемпионатының финалдық жекпе-жегі Қазақстан үшін нағыз триумф болды. Австралиялық қарсыласы Лекиша Перголитимен өткен жекпе-жекте Наталья үш раунд бойы толық үстемдік көрсетіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов спортшыны құттықтап былай деді:

«Бұл – біздің облыс үшін үлкен марапат. Тағы да дәлелдедік, жеріміз талантты спортшыларға бай. Наталья біздің туымызды әлемдік аренада көтерді».

Физикалық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова да жылы лебізін білдірді:

«Наталья, жеңісіңмен құттықтаймын! Сен солтүстікқазақстандық бокстың тарихын жазып жатырсың. Біздің жас спортшылар сенің жолыңды жалғастырсын. Ең бастысы, денсаулығың мықты болсын. Бұл жеңісің үшін рақмет!»

Чемпионның өзі де толқығанын жасырмады:

«Эмоцияларымды сөзбен жеткізу қиын, әлі де әлем чемпионы атанғаныма сене алар емеспін. Бапкеріммен бірге үлкен жолдан өттік – қаншама оқу-жаттығу жиындары, ауыр еңбектер. Үйде өте сирек болдым, туғандарымды көрмедім. Бірақ қайда бара жатқанымды білдім, нәтижесінде алтын медальға қол жеткіздім».

Жеке бапкері Дастан Қабденов те қуанышын бөлісті:

«Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келдік. Біздің аймақта намысты қолдан бермейтін спортшылардың бар екеніне қатты қуаныштымын. Олар облыстың да, елдің де намысын абыроймен қорғайды. Баршаңызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін үлкен рахмет – біз оны жарыстарда да сезіндік».

Наталья Богданованың жеңісі – тек жеке жетістік қана емес, бүкіл облыс спорты үшін айтулы оқиға. Солтүстік Қазақстан боксы әрдайым мықты чемпиондарымен танымал. Камиль Сафин, Жанат Жакиянов, Дариға Шәкімова – олардың жеңістері жас спортшыларға шабыт сыйлады. Енді бұл даңқты қатарға Наталья да қосылды. Оның жеңісі – облыс спорты тарихындағы жаңа белес, болашақ спортшыларға үлгі және қажырлы еңбектің, өз-өзіне сенімнің, туған жердің қолдауының арқасында әлемдік шыңдарды бағындыруға болатынын дәлелдеді.