21 шілде күні Петропавл қаласында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының IV чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 19 команда, 400-ден астам жас спортшы қатысты. Қатысушылардың жасы – 10 бен 17 жас аралығында.
Чемпионаттың басты ерекшелігі – барлық сайыстар тек дәстүрлі қазақ садағымен өткізілді. Заманауи құралдар – оптикалық прицелдер мен тұрақтандырғыштар қолданылған жоқ. Бұл садақпен ату шынайы дәлдік пен ішкі тепе-теңдікті талап етеді.
Сайыс барысында түркі халықтарына ортақ «пута» және қазақтың дәстүрлі «қалқан» атты нысаналары қолданылды. Қатысушылар бірнеше кезеңнен өтіп, белгіленген уақыт ішінде өз шеберліктерін көрсетті. Чемпионат екі күнге созылды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте:
1-орын - Ұлытау облысы, 2-орын - Жамбыл облысы, 3-орын - Батыс Қазақстан облысы.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Жасұлан Ғаббасовтың айтуынша, мұндай чемпионаттар тек спортты ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтауда үлкен рөл атқарады.
Жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болып, спорттық атақтармен ұлықталды.